16 жылда Түркия Қазақстанға 4,2 миллиард доллардан астам тікелей инвестиция құйған
Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Түркия бизнес өкілдерінің басқосуына қатысты. Мемлекет басшысы жиында сөйлеген сөзінде осы іс-шараға еліміздің шынайы досы, Түркияның Вице-президенті Фуат Октай мырзаның арнайы келіп отырғанын айтып, оған өз ризашылығын білдірді.
Қазақстан президентінің Telegram-дағы БОРТ N1 арнасы Қазақстан мен Түркия арасындағы қарым-қатынас нәтижесі туралы мәліметті сандармен ұсынды.
Қазақстан-Түркия қарым-қатынасы сандармен:
Кейінгі 16 жылда түрік бауырларымыз Қазақстанға 4,2 миллиард доллардан астам тікелей инвестиция құйды;
былтыр Түркияның тікелей инвестициясы рекордтық көрсеткішке жетіп, 680 миллион доллар болды;
қазір Қазақстанда түрік капиталы бар 4 мыңға жуық компания табысты жұмыс істеп жатыр;
Қазақстанда Түркия кәсіпкерлерінің қатысуымен 61 ірі жоба іске асырылды. Оған жалпы құны 2 миллиард доллардан астам қаржы жұмсалды;
бүгінде біздің елде құны 2,5 миллиард доллардан асатын 25 бірлескен жоба жүзеге асырылып жатыр. Сондай-ақ құны 1,3 миллиард доллардан асатын 54 жаңа жоба қолға алынуда;
жыл сайын құны 17 миллиард доллар болатын өнімді сырттан әкелеміз. Ал, отандық өндіріс 4,3 миллиард доллардың өнімін өндіреді;
біз мұнай-газ операторларымен бірлесіп, 35 мыңнан астам тауар түріне сараптама жүргіздік. Соның ішінен елімізде шығаруға болатын тауарларды анықтадық;
Қазақстан жер қойнауын пайдалану саласындағы ынтымақтастықтың келешегі зор екенін айтып, түрік инвесторларына бағалы және түсті металды геологиялық барлау бойынша дайын тұрған 5 жобаны ұсынады;
Қазақстан соңғы 5 жылда зығыр егілетін алқаптың аумағын 2,5 есеге ұлғайтты. Осылайша, зығыр тұқымын экспорттайтын көшбасшы елдердің қатарына қосылдық. Түркия бұған дейін бізден жылына 10 мың тонна зығыр сатып алатын. Ал, биылғы екі айдың ішінде 8 мың тоннасын, яғни, жылдағыдан 6 есе көп алды;
туристік жобалар бойынша мемлекеттің қолдау шараларын алуға қойылатын қаржылық талап 10 есеге азайды.