Жалпыхалықтық референдум: қазақстандықтар Ресейдің бес қаласында дауыс бере алады
Бұл туралы ТАСС агенттігі Қазақстанның Мәскеудегі елшілігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап, хабарлады.
"18 жасқа толған Қазақстан Республикасының азаматтары 2022 жылдың 5 маусымында №265 сайлау учаскесі орналасқан Ресейдегі Қазақстан Республикасының елшілігінде дауыс беруге қатыса алады", - делінген хабарламада.
Жергілікті уақыт бойынша сағат 07:00-ден 20:00-ге дейін Санкт-Петербург, Қазан, Астрахань және Омбыдағы Қазақстанның бас консулдықтарының жанындағы сайлау учаскелерінде дауыс беруге болады. Сайлаушылар тізіміне енгізу үшін ұсынылған форманы толтыру қажет. Сайлау учаскесіне келген кезде өзімен бірге Қазақстан азаматының төлқұжаты немесе жеке куәлігі болуы керек
29 сәуірде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында Конституцияға өзгерістер енгізу мәселесі бойынша референдум өткізуді ұсынды. Түзетулерге сәйкес Мемлекет басшысының өкілеттігі қысқартылады, Парламенттің және жергілікті атқарушы органдардың рөлі едәуір күшейеді, құқық қорғау саласы жүйелі түрде нығая түседі, Конституциялық сот қайта құрылады, өлім жазасын түпкілікті жою шарасы бекітіледі және Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мәртебесі туралы ережелер алынып тасталады.