Сарапшылар Amanat партиясының жаңа саяси тұғырнамасы жобасына ұсыныстар енгізді
Кездесуге партия хатшысы Дәулет Кәрібек, Мәжілістегі Amanat фракциясының мүшесі, тұғырнаманы әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі Айдос Сарым, тәуелсіз сарапшылар, саясаттанушылар мен қоғам қайраткерлері қатысты.
Айдос Сарым бұл бағыттағы жұмыс бірнеше айдан бері жүргізіліп келе жатқанын атап өтті. Өңірлік филиалдардың күн тәртібінде белсенді талқыланады.
Сурет: Amanat
«Жұмыс тобының міндеті – барлық талқылауларды, пікірталастарды, ұсыныстарды, соның ішінде өзге сарапшылардың, қатардағы партиялықтардың пікірін ескере отырып, өзектілігін жоймайтын, ұзақ мерзімді құжат әзірлеу. Amanat-тың жаңа Саяси тұғырнамасы оның негізгі құндылықтарын, қағидаттарын, партия мүшелері Amanat пен жалпы мемлекетті қалай көретіндігін айқындауы тиіс», – деді депутат.
«Еуразия әлемі» қоғамдық қорының президенті Эдуард Полетаев саяси тұғырнама, мәселен, сайлауалды бағдарламаға ұқсамайтын жаңа саяси құрал екенін атап өтті.
Сурет: Amanat
«Партия үшін Парламентте қай депутат өкілдік ететініне, өңірлік филиалдардың қай басшысы өз орнын сақтап қалатынына қарамастан, осы тұғырнама негізінде Қазақстан халқы партияның негізгі мақсаты мен міндетін білгені маңызды», – деп атап өтті Эдуард Полетаев
Саяси шолушы Никита Шаталовтың айтуынша, тұғырнамада өмірдің барлық саласында қоғамның ілгерілеуіне ықпал ететін құндылықтар белгіленеді.
«Қазіргі таңда бірқатар қауіп-қатермен бетпе-бет келіп отырмыз – бұл шиеленіскен геосаяси жағдай, әлеуметтік-демографиялық ахуал, пандемия. Болжам жасау және тұғырнаманы әзірлеу кезінде мұның бәрін ескеру қажет. Барлығы нақты сандар мен қолда бар базаға сүйенуі керек. Саясаттың заңы – осы», – деді ол.
Сурет: Amanat
Саясаттанушы Марат Шибутов Саяси тұғырнаманың авторлық нұсқасын ұсынды. Оның негізінде концентрлік шеңбер жатыр: «өзім-отбасым-үйім-жұмысым-шағын ауданым-аймағым-орталығым».
«Ең бастысы, басты назар адамға аударылуы тиіс. Солай бола тұра, партия мемлекетті алмастырмауы керек. Алайда партия өз мүшелерінің, қоғамның, сайлаушыларының алдында жауапты. Нақты іске назар аудару қажет», – дейді саясаттанушы.
Өз кезегінде, «Стратегия» Әлеуметтік және саяси зерттеулер орталығының президенті Гүлмира Илеуова партияның жаңа мазмұн қалыптастыруы, ал оның өзегінде жалпыға ортақ еңбек идеясы тұруы тиіс екенін атап өтті.
«Қазіргі күні мемлекет мен партияның алдында жаңа әлеуметтік-экономикалық сын-қатерлер тұр. Оны еңсеру үшін партия өзінің талдамалық әлеуетін барынша іске қосуы тиіс», – деді ол.
Сурет: Amanat
Қаржы кеңесшісі Расул Рысмамбетов өз сөзінде қазіргі жағдайдағы саяси партиялардың рөліне баса назар аударды. Сарапшы бүгінде әлеуметтік желілерде ауқымды аудиториясы бар түрлі блогерлер мен белсенділер саяси партияларға бәсекелестік жасай алатынын атап өтті. Сондықтан партия өз мазмұнын қалыптастырып, оны ақпараттық кеңістікте ілгерілетуі қажет.
Алматыдағы пікір алмасу сындарлы жағдайда өтіп, кездесуге келген әрбір қатысушысы өз пікірін білдірді.
Еске сала кетейік, бұған дейін Amanat партиясының төрағасы Ерлан Қошанов Орталық аппараттың және өңірлік филиалдардың басшыларымен кеңес өткізіп, саяси тұғырнаманы жаңарту жұмыстары тек «халық үніне құлақ асатын партия» форматында жүргізілуі тиіс екенін атап өткен болатын. Еркін пікір алмасу, кең саяси диалог қамтамасыз етілуі тиіс.