Тілеуберді Ресей мен Украинаны шиеленістің дипломатиялық шешімін табуға шақырды
Бұл туралы ол жапонның NHK телеарнасына берген сұқбатында айтты.
"Ресей мен Украина - Қазақстан үшін тарихи достас мемлекеттер. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев екі елдің басшыларымен үнемі байланыста болып, оларды қазіргі қақтығыстың бейбіт және дипломатиялық шешімін табу үшін келіссөздер үстеліне отыруға шақырады", – деді СІМ басшысы.
Ол "Ресей Федерациясы мен Қазақстанды тығыз экономикалық қатынастар байланыстыратынын, осыған байланысты Ресейге қарсы санкциялар Қазақстан экономикасына да белгілі бір деңгейде кері әсерін тигізетінін" еске салды.
"Біз Ресейге қарсы бағытталған санкцияларға қосылмаймыз, бірақ, сонымен қатар ел экономикасы әртүрлі кәсіпорындар арқылы шектеу шараларын айналып өтуді пайдаланбайды деген қағиданы ұстанамыз", – деп атап өтті Тілеуберді.
Оның айтуынша, Қазақстан билігі санкцияларға байланысты Ресей Федерациясындағы өкілдіктерін жабуға мәжбүр болған шетелдік компанияларға өз бизнесін елге көшіруді ұсынады.
Сондай-ақ министр Қазақстан Ресеймен, Қытаймен, көршілес Орталық Азия мемлекеттерімен, сондай-ақ Еуроодақпен, Ұлыбританиямен, АҚШ-пен және Жапониямен қарым-қатынас орната отырып, көпжақты және теңгерімді дипломатия жүргізіп отырғанын баса атап өтті.
"Біз Қазақстанның көліктік және логистикалық әлеуетін дамытуға үлкен көңіл бөлеміз және Еуропа мен Азияны байланыстыратын орталыққа айналу үшін инвесторлар тартуға үміттіміз", – деп атап өтті министр.
Тілеуберді Жапониямен өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту ниетін білдіре отырып, Астана мен Токио арасындағы қарым-қатынасты "стратегиялық әріптестік" деп атады.