Әлихан Смайылов жылу желілерінің жағдайына байланысты бірқатар тапсырма берді
Оның сөзінше, Екібастұз, Рудный және Риддер қалаларында жағдай өте күрделі болды. Ондағы мәселелерді күні-түні бақылауға алып, шұғыл түрде шешуге тура келді. Үкіметтік комиссия құрылып, жергілікті жерге барып, жұмыс істеген жағдайлар да болды. Аталған мәселелер үкіметте бірнеше рет қаралды.
"Мұның барлығы – әкімдіктердің көп жылдар бойы жылыту маусымына немқұрайлы қарап келгенінің салдары. Барлық әкімді бұдан қорытынды шығарып, мұндай жағдайға енді қайтіп жол бермеу үшін сапалы жұмыс істеу керек. Өткен жылыту маусымында авариялардың саны айтарлықтай өсті. Тіпті ірі қалалардың өзінде жылу энергиясының жетпей қалуынан, орташа температураны төмендетіп беруге тура келді". Премьер-министр
Смайыловтың айтуынша, бұл – жыл сайынғы жүйелі жұмыс. Онда ешқандай іркілістер мен кемшіліктер болмауға тиіс еді.
Осыған байланысты биыл үкімет:
- Біріншіден, энергиялық бақылау қызметін заңнамалық тұрғыдан күшейтіледі және жоспардан тыс тексерулер жүргізу құқығын береді;
- Екіншіден, энергия объектілерін тиісті деңгейде күтіп ұстамай, тіршілікке қажет жүйелердің қызметіне қауіп төнген жағдайда мемлекетке оларды меншіктен алып қою құқығы беріледі;
- Үшіншіден, үкімет пен әкімдіктер және меншік иелері тиісті энергетикалық инфрақұрылымды жөндеу және реконструкциялау жобаларын қаржыландыруды басым тәртіппен қамтамасыз етеді.
Сонымен қатар үкімет басшысы 2 мың км жылу желілері жеке меншікте екенін баса айтты. Олардың тозу деңгейі шамамен 77%-ті құрап отыр. Осы желілердің жағдайына және жөндеу жұмыстарының міндетті түрде жүргізілуіне бақылауды күшейту керек.
"Энергия объектілері иелерінің жауапкершілігін арттырып, оны қызмет көрсету келісім-шарттарда қарастыру керек. Шарт талаптарын орындау ұсыным түрінде емес, міндетті болуы тиіс. Жеке меншіктегі жылу желілерін бюджеттік кредиттеу арқылы реконструкциялау мәселесін пысықтау керек. Қаржыны қайтару «Тарифті инвестицияға айырбастау» шеңберінде жүргізілетін болады".
Сонымен қатар ол мына мәселелерді атап өтті:
- Бірінші. Өңір әкімдіктері Энергетика, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктерімен бірлесіп, барлық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, тұрғын үй және әлеуметтік сала объектілерінің алдағы 2023-2024-ші жылыту маусымына дайындығы бойынша іс-шаралар жоспарын бекітіп, оны тез арада іске асыруға кірісуі қажет.
- Екінші. Индустрия министрлігі Энергетика министрлігімен және өңір әкімдерімен бірлесіп, 1-ші маусымға дейін қолданыстағы жылу желілерінің жағдайына техникалық тексеру жұмыстарын аяқтауы керек. Осы жұмыстардың қорытындысы бойынша апатты жағдайдағы жеке меншіктегі жылу желілерін коммуналдық меншікке берудің қажеттілігін анықтау керек. Нәтижесін менің жеке өзіме баяндаңыздар.
- Үшінші. Энергетика министрлігі өңір әкімдерімен бірлесіп, жоспарланған шаралардың толықтай іске асырылуын және алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстарын қамтамасыз етуі тиіс.
"Туындаған барлық мәселелерді жылыту маусымына дейін созбай, жедел шешу қажет. Ұсақ-түйек демей, қауіп-қатерлердің барлығын мұқият есептеу керек. Роман Васильевич, министрліктер мен әкімдіктердің, холдингтер мен компаниялардың арасындағы үйлестіру жұмыстары барынша тиімді жүргізілуі тиіс. Мәселе өзімнің жеке бақылауымда болады", - деді ол.