Депутат Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің бүгінгі мүшкіл хәліне назар аударуды сұрады
Сауалды депутат Мақсат Толықбаев оқып берді. Ол өзінің сауалы ұлттық руханият пен келешек ұрпақтың тарихынан ажырамауы үшін маңызы зор деп есептейді. Себебі сұрақ Қазақ мемлекетінің ғаңа емес, әлемнің тарихында ойып тұрып орын алған, ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне енген, VI – ғасырдан астам уақыттың куәсі болып, мемлекетіміздің бойтұмарына айналған Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің бүгінгі мүшкіл жағдайы туралы.
"Атап айтсақ, кесене қабырғалары ылғал тартып, күмбездің беткі қабаты қопсып, тұзы шығып жатыр. Тұз осы 2-3 жыл бұрын ғана пайда болды. Себебі кейінгі жылдары мавзолейдің алдында көгалдандыру, жасанды абаттандыру жұмыстары жүрді. Ғимараттың ішіндегі ылғалдылықтың шектен тыс артуынан күмбездің бетіне қара дақтар пайда болған. Дымқылдан жарылған сылақтар көзге анық көрінеді. Қызметкерлер туристердің төбесінен сылақ түсіп жүрмесін деп, Тайқазанның аумағын қызыл лентамен қоршап қоюға мәжбүр. Ал абаттандырудың қызығына кенелген жергілікті әкімдік, мамандардың дабылына құлақ асар емес. Ғалымдардың айтуынша, кесененің әу бастағы жобасын ғылыми тұрғыда зерттеп алмай, жыл сайын реставрация жүргізу- қыруар ақшаны далаға шашқанмен бірдей. Өйткені кесененің алдында тұрған кірпіштер мен астында ғасырлар бойы жатқан қамысты алып тастап, ол жерге жалтыраған бетон гранит тақталар қойған соң ылғал тартып жатқанын айтады. Сонымен қатар күмбездегі тесіктерді бітеп қана қоймай, ішкі жағын қалың гипспен бес елідей етіп жапқан".Мақсат Толықбаев
Депутаттың сөзінше, 2021-2022 жылы аталмыш кесенеге зерттеу-сараптау жүргізген «Қазқайтажаңғырту» республикалық мемлекеттік кәсіпорны оған «қанағаттанарлық» деп қана баға берген.
"Мінекей, осындай олқылықтардың кесірінен Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне жер астына кетіп қалу қаупі төніп тұр. Құрметті премьер-министрдің орынбасары, атамыз қазақ «Өткенін жоғалтқанның – келешегі жоқ» деген сөзді бекер қалдырмағаны анық. Біз бүгін , VI – ғасырдан астам уақыт күллі Түркі-Тұран халқының ұлы жәдігері, Қазақ мемлекетін сан ғасырлық сынақтардан аман алып өткен хандар мен Билердің, батырлар мен қайраткерлердің пантеоны, Қожа Ахмет Яссауи кесенесін сақтауға міндеттіміз. Маңғыстауда пір Бекет, Түркістанда Қожа Ахмет деп мақтанатын теңдесі жоқ құрылысымызды 6 күнде жер астына жіберіп алсақ 6 құрлықтың алдында жерге қарайтынымыз анық. Біз көтерген мәселе 2023 жылдың 10-25 қыркүйегінде Сауд Арабия мемлекетінің Эр-Рияд қаласында өтететін Бүкіләлемдік мұра комитетінде талқыланбақ. Алайда арқаны кеңге салып күтіп отыратын уақыт жоқ", - деді Мақсат Толықбаев.
Депутаттар Алтай Көлгіновтен кесененің айналасындағы сапасыз, олқылықтары көп құрылыстарды кешіктірмей реттеуге және кесенеге төнген қауіптің алдын алуға назар аударуды сұрады. Ол үшін үкімет кешенді жұмыс жоспарын әзірлеп, кесенені қалпына келтіруге қажет қаражатты бөліп, жұмыстың орындалу барысын әр тоқсан сайын Amanat фракциясының алдында баяндап, есеп беруін өтінді.