Депутат блогерлерді "бопсалап ақша табады, атаққұмар әрі сауатсыз" деп атады
Оның пікірінше, өзін блогер санап жүргендердің басым бөлігі шын мәнінде блогтың не екенін түсініп жүрген жоқ. Көбі ел алдындағы беделін, атақ-дәрежесін пайдаланып, халыққа көмек жасап жатқандай сыңай танытып, әлеуметтік желілерде түрлі «хайп» ұйымдастырады. Депутат блогерлер тіпті қаржы пирамидасының жандануына себеп болды деп отыр.
"Қазір өзін блогермін деп жүргендердің дені – ақпараттың рас-өтірігін тексермей, оңай жолмен баю мақсатында кез келген адамға жала жабудан тайынбайтын, бопсалап ақша табатын, атаққұмар, елдің берекесін бұзып, қауіпсіздігіне қатер төндіретін сауатсыз адамдар. Дәл осы блогерлер талай жылдан бері ұмыт болған қаржы пирамидасының жандануына да себеп болғанын бәріміз жақсы білеміз. Сол алаяқтарға сеніп қалған қаншама адам суицид жасады, қаншауы денсаулығынан айрылды, тағы қаншамасы үйсіз-күйсіз қалып, қаңғырып кетті?! Олардың обалы кімге? Елде болып жатқан түрлі әлеуметтік жағдайларды өз ыңғайына бұрмалап, оған ұлтаралық рең беріп, елге жалған ақпарат таратқан блогерлердің де ісі майшаммен қаралуы керек еді. Расталмаған қауесеттің әлеуметтік желі арқылы тез тарауынан Қордай оқиғасының немен аяқталғаны бәріңізге мәлім".Анас Баққожаев
Баққожаевтың сөзінше, өкінішке қарай, өмірге деген көзқарасы енді қалыптасып келе жатқан жастар осы блогерлерге еліктеп, жатыпішерлікке әуестеніп барады.
"Олар ұлтымызға жат мәдениет пен теріс идеологияны бойына сіңіріп жатыр. Осы блогерлердің сөзіне сеніп, шетелге күңдікке түскен қыздарымыз қаншама?! Біз қысқа ғана уақыт ішінде сөзі мен ісіне жауап бере алмайтын блогерлердің отанына айналып кеткендейміз. Бұл – қоғам үшін де, мемлекет үшін де қауіпті құбылыс". Депутат
Сонымен қатар депутат елде халыққа шын жанашыр блогерлер де бар екенін атап өтті.
"Оқырманға қызық әрі пайдалы ақпарат таратып, жеке блогын жүргізіп жүргендерге де айтар дауымыз жоқ. Бірақ әлеуметтік желіні пайдаланып, азаматтар мен ұйымдардың құқығы мен заңды мүдделеріне зиян келтіретін жалған ақпарат таратқаны үшін оларға қолданылатын шара қарастырылмаған. Сол себепті оларда ешқандай жауапкершілік жоқ. Артын зерттеп, шындық па, жоқ па бастарын қатырмайды. Бастысы шу. Бастысы сөз". Анас Баққожаев
"Сөз бостандығы деген осы ма? Біз осылайша тұтастай бір мамандықты қор қылып отырмыз. Журналистердің көбі жұмыссыз! Олардың білімі де, талабы да бар. Олардың блогерлерден айырмашылығы – әдепті, сондықтан да жұмыссыз", деп қосты депутат.
Депутат ҚР премьер-министрі Әлихан Смайыловқа және ҚР Бас Прокуроры Берік Асыловқа жолдаған сауалында мына екі мәселеге тоқталды:
- Біріншіден, мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында "Мемлекеттің мүддесін, қоғамның сұранысын және медиасаланың даму үрдісін ескере отырып, БАҚ туралы заңды қайта қарау керек" деп тапсырған еді. Аталған заң жобасына жауаптылардың әрекетіне тиісті баға берілуі керек.
- Екіншіден, тез арада БАҚ туралы заңды пысықтап, мәжілістің ашық талқылауына енгізу қажет.
"Ақпарат саласындағы жауапкершілікті тек журналистер емес, блогерлер де сезінетін уақыт жетті. Бұл мәселені аталған заң жобасының аясында дереу қарастыруымыз қажет. Себебі жауапкершілікті түсіне алмайтын блогерлердің саны уақыт өткен сайын артып отыр", - деді Анас Баққожаев.