Депутат Түркістан облысындағы 51 мектепті күрделі жөндеуден өткізуді сұрады
Депутаттың сөзінше, елімізде Түркістан облысы демографиялық өсімі жоғары өңір. 2023 жылғы 1 қаңтарға облыс халқының саны 2 млн 119 мыңнан астам адам болған. Оның ішінде қалада – 519 мың адам, ауылдық жерлерде – 1 млн 599 мыңнан астам адам. 2022 жылғы 1 қаңтармен салыстырғанда халық саны 30 мың адамға немесе 1,5% өскен. 2022 жылғы қаңтар-желтоқсанда облыс бойынша 58 117 нәресте дүниеге келген.
"Бүгінде Түркістан облысында 511 мың 158 оқушы білім алып жатыр. 2022-2023 жылғы оқу жылында 50 мың бүлдіршін 1 сыныпта мектеп табалдырығын аттаған. Түркістан облысындағы 961 мектептің 905-і - мемлекеттік мектептер. Олардың 121-і күрделі жөндеуді қажет етеді. Оның ішінде 51 мектептің жобалық сметалық құжаты дайын, 70 мектепке жобалық сметалық құжат дайындау қажет. Облыстық білім беру басқармасы мен облыс әкімдігі күрделі жөндеуді қажет ететін 121 мектепке облыстық бюджеттен қаржы бөлуге мүмкіндігі жоқ екенін айтып отыр", - деді Темір Қырықбаев.
Осы мәселені атай келе, Amanat партиясы фракциясы мына ұсыныстарды атады:
1. Түркістан облысындағы Жобалық сметалық құжаттары дайын 51 мектептерді күрделі жөндеуден өткізуге республикалық бюджеттен қаржы қарастырып, жергілікті атқарушы билік органы жыл соңына дейін күрделі жөндеуді өткізуді қолға алғаны абзал.
2. Биыл қысқа мерзімде Түркістан облысындағы 51 мектепті күрделі жөндеуден өткізуге жобалық сметалық құжаттар дайындау үшін республикалық бюджеттен қаржы қарастыру өзекті.
Депутат сауалын ҚР премьер-министрінің орынбасары Алтай Көлгіновке жолдады.