Тоқаев: ЕАЭО инфрақұрылымдарын дамыту аса маңызды басымдықтардың бірі болып қала береді
Мемлекет басшысы 2020 жылы Еуразиялық экономикалық интеграцияны дамытудың 2025 жылға дейінгі стратегиялық бағыттары қабылданғанын еске салды. Президенттің айтуынша, бұл, негізінен, не істелді және алда не жасаймыз дегенге берілген баға. Былайша айтқанда, "мақсаттар мен міндеттерге қан жүгіртудің бір амалы десе де болады".
Қасым-Жомарт Тоқаев ЕАЭО-ның орасан зор географиялық қамту қарымын назарға ала отырып, инфрақұрылымдық байланысты дамыту аса маңызды басымдықтардың бірі болып қала беретінін баса атап өтті.
"Мұнда біз бірден екі деңгейде жұмыс істеп жатырмыз: одақішілік – көлік және коммуникация саласындағы одаққа мүше елдердің интеграциясы бойынша және халықаралық деңгейде, атап айтқанда, халықаралық күн тәртібін іске асыру және үшінші елдермен көлік және логистика саласындағы ынтымақтастықты дамыту шеңберінде". ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев
Оның айтуынша, жаһандық тауар ағындарының айтарлықтай өзгергенін ескере отырып, қазір бүкіл аймақта жаңа бағыттарды айқындап, мүмкіндігінше оны құру өте маңыз.
"Бізде шығыста континенттік стратегиялық байланысты құру жөніндегі ең жарқын әрі ауқымды бастамалардың бірі ҚХР-дың "Белдеу және жол" жобасы болып табылады. Солтүстік-Оңтүстік желісі бойынша сауда-саттық-экономикалық өзара байланысқа да сұраныс бірнеше есе арта түсуде. Ал біз болсақ, осы процестердің қақ ортасында орналасқанбыз". ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев
Өткен жылғы оқиғалар "Жаңа жаһандық логистиканың" негізгі элементі ретінде "Солтүстік-Оңтүстік" көлік дәлізін дамытудың маңыздылығын тағы да айқын көрсетті.
"Бұл меридиандық дәліз ендік "Транскаспий халықаралық көлік маршрутымен" қилысады. Сондықтан біз екі маршруттың үйлесімді және жүйелі дамуында айтарлықтай синергияны байқап отырмыз". Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев
Президент өнеркәсіп, көлік және экономика саласындағы өсім үшін ғана емес, бұл маршруттар Үлкен Еуразия ішіндегі өзара байланыс пен кооперация деңгейін түбегейлі өзгерте алатынын атап өтті.