Жаңалықтар тізбегі
0

Биыл елімізде 1,9 трлн теңгеге 280-нен астам инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланып отыр

Биыл елімізде 1,9 трлн теңгеге 280-нен астам инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланып отыр, сурет - Zakon.kz жаңалық 29.05.2023 09:51 Сурет: primeminister.kz
27 мамырда, ҚР премьер-министрі Әлихан Смайылов Инвестициялық штаб отырысын өткізді. Үкімет сайтының хабарлауынша, онда негізгі капиталға инвестициялар (НКИ) және тікелей шетелдік инвестициялар (ТШИ) тарту барысы қаралды.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың айтуынша, биылғы қаңтар-сәуір айларында НКИ-дың жалпы көлемі 3,8 трлн теңге болды. Бұл 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 18% артық. Бұл орайда тау-кен және өңдеу өнеркәсібі, жылжымайтын мүлікпен жасалатын операциялар, көлік және қоймалау, ауыл шаруашылығы салаларының көрсеткіштері жоғары.

Қаңтар-сәуір айларында жалпы республикалық нысаналы индикаторға қол жеткізілді. 20 өңірдің 12-сі жоспарларын орындады немесе асыра орындады. Олардың қатарында Түркістан (148%), Қызылорда (137%), Қарағанды (122%), Маңғыстау (122%) және Ақмола (116%) облыстары бар. Орталық мемлекеттік органдар арасында Денсаулық сақтау (167%), Оқу-ағарту (153%), Ғылым және жоғары білім (152%), Сауда және интеграция (143%), Ауыл шаруашылығы (116%), Экология және табиғи ресурстар (108%) министрліктері белгіленген көрсеткіштерді асыра орындады.

Премьер-министр 4 айдың қорытындысы бойынша облыстар мен орталық мемлекеттік органдардың дені НКИ бойынша көрсеткіштерді қамтамасыз еткенін, алайда 8 өңірдің нысаналы индикаторларға қол жеткізе алмағанын атап өтті. Аутсайдерлер – Ұлытау (52%), Абай (64%) және Жамбыл (65%) облыстары.

"Ұлытау және Жамбыл облыстары былтыр да жоспарды орындамаған. Аталған облыстардың әкімдері бұған дейін Инвестициялық штаб отырысында жағдайды биыл түзейміз деп уәде берген еді. Бірақ көріп отырғанымыздай, бұл өңірлер барлық облыстың ішінде ең соңғы орындарда қалып отыр", — деді Әлихан Смайылов.

Сонымен қатар Әлихан Смайылов Мәдениет және спорт (62%), Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі (61%) министрліктерінің НКИ бойынша жұмыс қарқыны өте баяу екенін атап өтіп, IT саласындағы жобалар санын ұлғайту, туризм саласына инвестициялар тарту жөніндегі жұмысты күшейту қажет екенін айтты.

Премьер-министр биыл үкімет алдында НКИ деңгейін 18,5 трлн теңгеге жеткізу міндеті тұрғанын атап өтті. Осыған байланысты өңірлер мен ведомстволар кемшіліктерді ескере отырып, негізгі капиталға инвестициялар тарту жұмыстарын күшейтуі қажет. Сонымен қатар отырыста тікелей шетелдік инвестицияларды тарту жөніндегі былтырғы жұмыс қорытындылары қаралды.

Сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаровтың айтуынша, былтыр НКИ көрсеткіші $28 млрд болған. Бұл – кейінгі 10 жылдағы рекордтық көрсеткіш. Экономиканың негізгі салаларында жалпы құны 2,3 трлн теңге болатын 199 инвестициялық жоба пайдалануға берілді. 2023 жылы 1,9 трлн теңгеге тағы 281 жобаны іске қосу жоспарланып отыр.

Былтырғы қорытынды бойынша инвесторлардың үздік ондығына Нидерланды, АҚШ, Швейцария, Бельгия, Ресей, Оңтүстік Корея, Қытай, Франция, Ұлыбритания және Германия елдері кірді. Әлихан Смайылов мемлекет басшысы үкімет алдына 2029 жылға дейін $150 млрд ТШИ тарту міндетін қойғанын атап өтті.

"Биыл экономикаға кем дегенде $24 млрд шетелдік капиталды тартуға тиіспіз. Министрлер мен әкімдер экономиканың басым секторларында шетелдік капиталдың қатысуымен жаңа әрі сапалы инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін қажетті шараларды қабылдауы керек", — деді премьер-министр.
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: