Үкімет: Машина жасау саласын дамытудың жоспары әзірленіп жатыр
ҚР премьер-министрі Әлихан Смайылов Машина жасау саласын дамытудың 2028 жылға дейінгі кешенді жоспарын әзірлеу мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Жоспардың негізгі мақсаты – машина жасау саласындағы жалпы қосылған құнның 4,5 есе, өндіріс көлемінің 2,2 есе, экспорттың 2,9 есе, еңбек өнімділігінің 1,9 есе, инвестициялардың 1,5 есе өсуін қамтамасыз ету.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сай аталған құжат бойынша істеліп жатқан жұмыс саланың одан әрі дамуына үлкен серпін беруге тиіс. Оны дайындау кезінде бизнестің, атап айтқанда, Қазақстан машина жасаушылар одағының ұсыныстары ескерілді.
Кешенді жоспар отандық өндірушілерді қолдауға және машина жасау саласының бәсекеге қабілетін арттыруға бағытталған 83 іс-шараны қамтиды.
Құжатты талқылау қорытындысы бойынша Әлихан Смайылов Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірлесіп, Кешенді жоспарды келісуді және оны бекіту туралы үкімет қаулысының жобасын енгізуді жеделдетуді тапсырды.