Алматы мектептері жаңа оқу жылына дайын ба
Мектеп ғимараты жазғы демалыс кезінде жөнделді. Атқарылған жұмыстың басты нәтижесі кітапхананы молернизациялау болды. Ерболат Досаев кітапхананы аралап көрді әрі алматылық оқушылар үшін 1 қыркүйектен бастап жұмыс істейтін Kitap.kz онлайн платформасының қолжетімділігін тексерді. Жаңа үлгідегі кітапханада кітап қорын кеңейтуден және техникалық жарақтандырудан басқа оқушылардың шығармашылық дамуы үшін ыңғайлы алаңдар құрылды.
Айта кетейік, Алматының 200-ден астам мемлекеттік мектебінде жаңа форматтағы кітапханалар жұмыс істейді. Жөндеу жүргізу барысында барлығы 100% қамтылады.
"Мектеп жаңа оқу жылына толық дайын. Барлық оқушы оқулықтармен қамтамасыз етілген. Балаларды қабылдауға 66 оқу сыныбы, 150 орындық заманауи асхана және 2 спорт залы, зертханалық кабинеттер әзірленді. Мектепте барлығы 2200 бала оқиды. Ғимарат ішіндегі және іргелес аумақтың периметрі бойынша қауіпсіздік үшін 47 бейнебақылау камерасы жұмыс істейді", - деді мектеп-гимназия директоры Айнұр Нұрымқызы.
Мегаполис әкімі акт залы мен асханаларға барып, мектеп басшылығының балалардың сапалы және теңгерімді тамақтануының маңызына назарын аударды.
Еске салсақ, мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында Алматыда 1-4 сынып оқушылары, сонымен қатар аз қамтылған отбасылардан шыққан барлық оқушы оқу сыныбына қарамастан тегін тамақпен қамтамасыз етілген.