Кондиционер істемейді, терезе ашылмайды, қабырғада тарақан – депутат пойыздағы жағдайды сынға алды
Оның айтуынша, әр жазда қоғамда темір жол жолаушылары тасымалына қатысты шағым көбейеді. Жылда осы жағдай қайталанады. Темір жол жолаушылар тасымалы сапасының төмендігі сын көтермейді. Себебі жолаушылар құрамының көп бөлігі - кеңес заманының мұрасы.
Жыл сайын біз вагондар паркін жаңарту мәселесін көтеріп келеміз. Көп уәде беріледі, бірақ іс жүзінде жоспарланған қарқындар сақталмайды.
"Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, қазір жылжымалы теміржол құрамының паркінде 138 мың бірлік бар. Ол орташа 55% тозған. Министрлік 2025-2030 жылдар аралығында вагондар паркін жаңартамыз дейді. Ал "Қазақстан темір жолы" Ұлттық компаниясы 1997 жылы құрылған. Сонда 26 жыл күткеніміз аздай, енді тағы да 7 жыл күтуіміз керек. Күткен үмітіміз ақталатынына, вагондар паркін жаңарту жұмысы тиімді болатынына сеніміміз аз. 2030 жылы қалған вагондар ескіріп, теміржол құрамы паркінің тозуы 55%-дан да асып кетпейтініне кім кепіл?!" Елнұр Бейсенбаев
Оның сөзінше, кондиционері істемейтін, терезесі ашылмайтын, қабырғасында тарақан жүретін, тозығы жеткен вагондарға жаз мезгілінде билет сатып алу тіпті арман. Сәті түсіп билет тапқан жандарды вагондағы нағыз масқара күтіп тұрады.
Депутат тағы бір алаңдатадын мәселе ретінде аймақтардағы теміржол вокзалдарының кімнің меншігінде және қандай жағдайда екенін қосты. Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысында теміржол вокзалының ғимараты, станцияның өзі және жол учаскесі "Ресей темір жолдары" ресейлік мемлекеттік компаниясымен жалға алынған.
"Еліміздің аумағындағы стратегиялық салада шетелдік оператордың жұмыс істеуі қалай болғаны? Құрметті Әлихан Асханұлы, "Қазақстан Темір жолы" Ұлттық компаниясының құрылғанына 26 жыл болғанына қарамастан бұл саладағы жұмыс әлі күнге дейін ретке келетін емес. Сол себепті, депутаттық сауалда көтерілген мәселелерді жан-жақты зерттеп, теміржол тасымалы мәселесін түбегейлі шешуді сұраймыз. Бұл жай ғана бір депутаттың сауалы емес, бір өңірден екінші өңірге жаз бойы жете алмаған мыңдаған "AMANAT" партиясының мүшелерінің өтініші деп біліңіз", - деді депутат Елнұр Бейсенғалиев.