Жаңалықтар тізбегі
0

Тоқаев Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Германия канцлерімен кездесуіне қатысты

Орталық Азия мемлекеттері басшылары, Германия канцлерімен кездесу, сурет - Zakon.kz жаңалық 29.09.2023 21:09 Сурет: akorda.kz
29 қыркүйекте Берлинде Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Германия канцлері Олаф Шольцпен кездесуіне қатысты, деп хабарлайды Zakon.kz.

Мемлекет басшысы қонақжайлық көрсеткені және саммитті жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Олаф Шольцке алғыс айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев "С5+Германия" диалогын өткізу өте өзекті екенін атап өтті, делінген Ақорда баспасөз қызметінің хабарламасында.

Президент ынтымақтастықты дамытудың басым бағыттарына егжей-тегжейлі тоқталып, сауда-экономикалық кооперацияны кеңейтуді басты міндет ретінде атады.

"Германиямен жалпыаймақтық сауда-саттық қарқынды дамып келеді және өткен жылдың қорытындысы бойынша оның көрсеткіші 11 миллиард долларды құрады. Осы тауар айналымының 80 пайыздан астамы Қазақстанға тиесілі. Біз ГФР-ға жалпы сомасы 850 миллион доллар болатын қосымша 100 шикізаттық емес тауар түрі бойынша экспортты ұлғайтуға дайынбыз. Бұл жерде мұнай химиясы, металлургия, тамақ өнеркәсібі өнімдері туралы сөз болып отыр", – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, өзара тауар айналымының өсімі аймақ елдерінен импортталатын өнімдерге қатысты ұзақмерзімді келісімшарт жасауға,  сондай-ақ Еуропа одағының Бас жүйесіндегі жеңілдіктер (GSP+) сияқты Орталық Азия мемлекеттеріне де арнайы сауда жеңілдіктерін ұсынуға ықпал ете алады. Президент сауда шарттарын жеңілдету жөнінде ұсыныстар әзірлеу үшін салалық ведомстволардың басшылары деңгейінде бірлескен жұмыс тобын құруды ұсынды.

Мемлекет басшысы санкциялық текетірестерді айыптап, шектеусіз және кедергісіз сауда-саттықты жақтады.

"Қазақстан санкциялық текетірестерге қарсы. Өйткені саяси тұрғыда негізделген шектеулер халықаралық қатынастардағы жалпы ахуалға сызат түсіреді және мемлекеттер арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың дамуына кері әсер етеді. Сонымен бірге біз аймақтық саясаттағы санкциялық шектеулерді ескеруге мәжбүрміз. Бейбітшілік пен ынтымақтастықтың өзара тиімді формуласын табу үшін сындарлы дипломатияның уақыты келді деп санаймыз. Мен бұл туралы жуырда өткен БҰҰ Бас Ассамблеясы  сессиясының мінберінде сөйлеген сөзімде айттым. Қазақстан барлық мүдделі мемлекетпен арадағы кедергісіз сауданы дамытуды және инвестициялық ынтымақтастық орнатуды жақтайды. Құрметті Канцлер, кеше экономикалық ынтымақтастық мәселелері жөнінде Сізбен және Германияның жетекші компанияларының басшыларымен табысты келіссөз жүргіздім. Мұндай ықпалдастықтың келешегі жарқын болады деп санаймын", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Германия канцлерімен кездесу, Орталық Азия мемлекеттері басшылары, Қасым-Жомарт Тоқаев, сурет - Zakon.kz жаңалық 29.09.2023 21:09

Сурет: akorda.kz

Қазақстан Президенті ауыл шаруашылығын келесі басым бағыт ретінде атап өтті. Мемлекет басшысы германиялық серіктестердің қолдауымен Қазақстанда Орнықты егіншіліктің аймақтық орталығын құруды ұсынды. Оның айтуынша, аталған орталық теориялық әзірлемелер бойынша тәжірибе алмасуға, сондай-ақ оларды қолданысқа енгізуге және коммерцияландыруға септігін тигізе алар еді.

Мемлекет басшысы инвестициялық  серіктестікті одан әрі дамытудың перспективасы зор екеніне назар аударды.

"Германия 30 жылдан астам уақыт ел экономикасының негізгі инвесторларының қатарында келеді. Қазақстан ГФР-мен өзара тиімді ынтымақтастықты жалғастыруды көздейді және ESG қағидаттарын сақтай отырып, неміс инвесторлары үшін барлық қажетті жағдайды жасауға дайын", – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев аймаққа Германияның ірі банктерін тарту инвестициялық ынтымақтастыққа тың серпін беретінін атап өтті.

Сонымен қатар Президент көлік-транзит саласында тиімді ықпалдастық орнату қажет екеніне тоқталды.

"Бүгінде Орталық Азия аймағы жаһандық тасымалдың негізгі бөлігіне айналып келеді. Осы ретте өңір "Солтүстік – Оңтүстік", "Шығыс – Батыс" бағыттары бойынша құрлық көпірі ретінде маңызды рөл атқарады. Әсіресе, Транскаспий бағдарын дамытудың және оны Global Gateway стратегиясымен ұштастырудың маңызы арта түсті. Ортамерзімді перспективада аталған дәліз арқылы жүк тасымалдау ағынының көлемі бес есе артар еді. Осы бағытта жоспарлы жұмыстар жүргізілуде. Германиялық серіктестерді Транскаспий бағдары мен Каспий теңізі порттарын дамытуға, сондай-ақ бірлескен кеме өндірісін қолға алуға және логистикалық орталықтар ашу ісіне белсенді атсалысуға шақырамыз", – деді Мемлекет басшысы. 

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан кәсіпорындары әлемдік нарықтағы титан мен басқа да материалдарға деген тапшылықтың орнын толтыруға әзір.

Мемлекет басшысы экология саласы мен "жасыл" экономиканы дамытуды ықпалдастықтың келесі маңызды бағыты ретінде атап өтті. Президент Астанада аймақтағы барлық елді қамтитын Сутегі дипломатиясы кеңсесін ашқаны үшін неміс тарапына ризашылығын білдірді. Сондай-ақ Германия Үкіметінің "Жасыл Орталық Азия" бастамасына жоғары баға берді. Бұл "Орталық Азияға арналған су бастамасы" жобасының жалғасы саналады.

Бұдан бөлек,  Қасым-Жомарт Тоқаев терроризм, діни экстремизм, есірткі тасымалы, трансұлттық қылмыс сияқты  Орталық Азия аймағы үшін аса қауіпті сын-қатерлерге назар аударды. Мемлекет басшысы Германияның жеке жобалары арқылы, сондай-ақ Еуропа Одағы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы мен басқа да халықаралық құрылымдар аясында осы және өзге де қауіп-қатерлерге тойтарыс беру жөніндегі күш-жігерін оң бағалады.

Қазақстан Президенті Ауғанстандағы жағдайға арнайы тоқталды. Оның пікірінше, бұл елдегі гуманитарлық дағдарыстың алдын алу үшін халықаралық қоғамдастықтың, әсіресе Орталық Азия мемлекеттерінің күш-жігерін қолдауды жалғастыру қажет. Осы ретте Президент Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстан үшін БҰҰ-ның Орнықты даму жөніндегі аймақтық орталығын ашу маңызды екенін айтты.

Мемлекет басшысы сөзін қорытындылай келе,  Германияның саяси ықпалы мен экономикалық мүмкіндігін Орталық Азия елдерінің орасан зор әлеуетімен ұштастыру аймақтың орнықты дамуына елеулі үлес қоса алатынына сенім білдірді.

Сонымен қатар кездесуде Канцлер Олаф Шольц, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Түрікменстан Халк Маслахатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов сөз сөйледі.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: