Қазақстан Ауғанстанға тағы да гуманитарлық көмек жөнелтпекші
"ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына байланысты "KazAID" қазақстандық халықаралық даму агенттігінің белсенді қатысуымен Ауғанстанның Герат провинциясына қазақстандық арнайы авиабортпен салмағы 1600 тоннадан асатын азық-түлік, шатырлар, киім-кешек және төсек-орын жабдықтарын қамтитын ірі гуманитарлық жүк жеткізілді", делінген хабарламада.
Қазақстандық гуманитарлық жүкті Ауғанстандағы Табиғи апаттардың салдарымен күрес жөніндегі штабтың өкілдері, атап айтқанда Азаматтық әуежайлардың бас директоры Гарвал Абдул Саттар қабылдады.
Сонымен қатар 2023 жылы 10 қазанда Герат провинциясына 45 адамнан тұратын ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің жедел-құтқару тобы келіп, қазіргі таңда Наиброфи елді мекенінде (Герат қаласынан 50 шақырым жерде) құтқару жұмыстарын жүргізуде.
"Жақын арада зардап шеккен ауған халқына темір жол көлігімен "Хайратон" станциясына (Ауғанстанның Балх провинциясы) кезекті ірі гуманитарлық жүкті жіберу күтілуде".ҚР СІМ баспасөз қызметі
Сурет: gov.kz
Герат провинциясының губернаторы шейх Нұр Ахмад Ислам Джар ауған халқы атынан қазақстандық тарапқа тұрақты гуманитарлық көмек көрсеткені үшін алғысын білдірді.
Айта кетсек, 7 қазанда Ауғанстанның батысында (эпицентр Герат провинциясындағы) 2 500-ге жуық адамның қаза болуына, 9 000 адамның жаралануына, сондай-ақ 2 000 үйдің қирауына әкеп соққан қатты жер сілкінісі нәтижесінде ҚР Үкіметі ауған халқына шұғыл гуманитарлық көмек көрсету туралы шешім қабылдады.