Кейінгі төрт жарым жылда үйдегі зорлық-зомбылықтан 869 адам көз жұмған
"Кейінгі төрт жарым жылда үйдегі зорлық-зомбылықтан 869 адам көз жұмған. Денсаулыққа ауыр зиян келтірудің 2086 фактісі тіркелген. Сондықтан алдын алу шараларын кешенді түрде жүргізу біздің жіті назарымызда", - деді министр.
Министр сонымен қатар алдын алу шараларына тоқталды:
1. Отбасыларға жан-жақты көмек көрсету үшін өңірлерде 68 Отбасын қолдау орталығы жұмыс істейді, оның 19-ы уақытша баспанамен қамтамасыз етеді. Бұл тәжірибе 2019 жылдан бері бар. Жәрдемге мұқтаж азаматтарға "бір терезе" қағидаты бойынша көмек көрсетілуде. Орталықтар психологиялық, әлеуметтік және құқықтық көмек көрсетумен қатар отбасы институтын нығайтуға жан-жақты қолдау жасайды.
2. Профилактикалық жұмыстардың негізі – отбасын саналы түрде құруға мүмкіндік жасау. Осыған орай, Біріккен Ұлттар Ұйымының Халық қорымен бірлесіп Астана мен Шымкент қалаларында пилоттық жоба іске қосылды. Онда неке қиюға өтініш білдірген азаматтарға отбасын жоспарлау, психология, репродуктивті денсаулық, ортақ бюджетті жоспарлау және басқа да маңызды мәселелер бойынша тегін кеңес беру, оқыту қарастырылған.
"Сонымен қатар жыл соңына дейін "Бақытты қазақстандық отбасы" интерактивті нұсқаулық әзірленеді. Некеге тұратын жұптардың отбасылық дәстүрлері мен рухани-адамгершілік құндылықтары туралы ақпараттар "Электрондық үкімет" жүйесінде бейнеролик түрінде көрсетіледі. Некеге тұруға онлайн өтініш берген азаматтар осы нұсқаулықпен міндетті түрде танысып шығуға тиіс", - деді Аида Балаева.
3. Әлеуметтік жобаларды іске асыру маңызды бағыттардың бірі. Қазір елімізде Отбасы саясаты бойынша төрт жүз алпыс тоғыз миллион үш жүз мың теңгені (469,3 млн) құрайтын 156 әлеуметтік жоба бар. Бөлінген қаржының 40% тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға бөлінген (үкіметтік емес ұйымдардың дағдарыс орталықтарының қызметін қаржыландыру), 25% жастар арасында отбасылық құндылықтарды насихаттау, 10% халық арасында репродуктивті денсаулықты сақтауға, 15% жағдайы төмен отбасылармен профилактикалық жұмыстарға жұмсалып жатыр.
4. Министрлік орталық және жергілікті мемлекеттік органдармен қатар президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиямен бірге тығыз қарым-қатынас жасап жатыр.
5. Мәдениет және ақпарат министрлігі дәстүрлі отбасылық құндылықтарды насихаттау және тұрмыстық зорлық-зомбылықты алдын алу бағытында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.
6. Кешеден бастап тәулік бойы қызмет көрсететін "111" мемлекеттік бірыңғай байланыс орталығы (бұрын "АМАНАТ" партиясының жанынан жұмыс істейтін) жұмысын бастады.
Бұл нөмірге кез-келген азамат қала нөмірлері мен ұялы байланыс операторлары арқылы тегін қоңырау шала алады. Қиын жағдайға тап болған қазақстандықтарға көмектесу үшін білікті психологтар мен заңгерлер тартылды. Сонымен қатар "111" бірыңғай сенім нөмірі 101, 102, 103 және т.б. нөмірлермен бірге төтенше жағдайлар қызметтерінің тізіміне енгізілген. Мұндай шара - мүмкін болатын құқық бұзушылықтар мен қылмыстарды алдын алып, азаматтарға жедел көмек көрсетуге мүмкіндік береді.
7. Ведомствоаралық өзара әрекеттесу. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың себептері түрлі салалармен байланысты. Сондықтан әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау шараларын заңнамалық тұрғыдан күшейту, отбасы құндылықтарын насихаттау бойынша мәселелерді алдын-алуды қайта қарастыру үшін Жол картасы іске қосылды.