"Үкімет геосаяси жағдайды біле тұра, салғырт қарағаны ма?": депутат шекарадағы жағдайды сынады
Депутат биыл 16-31 шілде аралығында Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің бірнеше депутаты Жетісу және Жамбыл облыстарындағы шекара заставалары мен бекеттеріне шекара қауіпсіздігінің мәселелерін өз көзімен көру үшін барып қайтқан. Сонда шекара инфрақұрылымының ескіргенін, шекараны қорғау техникалық және байланыс құралдармен төмен деңгейде қамтылғанын көрген.
"Бәрін ішінен көрдік. Шынымызды айтсақ, жағдай мәз емес. Мысалы, қазір заставалардың біразы апаттық жағдайда тұр. Шекарашылар сонау 50-60 жылдары салынған ескі үйлердіе тұрып жатыр. Бүгінде шекараны жаңғырту бойынша іске асырылып жатқан шаралар, бұл мәселелерді толық шеше алмай отыр. Шекараны бекемдеу мақсатында 2006-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама қабылданған. Бағдарлама аясында 68 объектінің құрылысы жоспарланған, қаражаты бөлінген. Алайда оның 15-і аяқталмай қалған". Мәжіліс депутаты Болат Керімбек
Мәжілісмен айтқан дерекке сай, 2017 жылы осы аяқталмай қалған 15 объектіге аудиторлық тексеру жүргізілген. Олардың 3-і апатты жағдайда. Ал 9-ының жағдайы талапқа сай келмейді. Депутаттар мұндай жауапсыздықты Солтүстік Қазақстан облысындағы застава құрылысынан да байқаған. Құрылыс компаниялары нысанды толық аяқтамай жатып, "құрылыс материалдары қымбаттады" деп, келесі жылға тағы да ақша сұрайды.
"Осылай уақытты созып келеді. Осыдан шекара саласында жауапсыздық пен жемқорлыққа жол берілгенін көреміз. Жалпы шекара саласының проблемаларын шешу үшін Президент әкімшілігі басшысының тапсырмасымен 2024-2028 жылдарға арналған шекара қауіпсіздігінің кешенді жоспары әзірленген. Оған 582 млрд теңге қажет. Оған қоса, мемлекеттік шекара инфрақұрылымын дамыту мәселелері бойынша жол картасы әзірленген. Оны іске асыруға 118 млрд. теңге қажет. Алайда мәжілісте қаралып жатқан бюджетте шекара саласының мәселесін толығымен шешуге сұралып отырған қаражат қарастырылмаған. Сонда біздің үкімет қазіргі геосаяси жағдайды көре тұра, салғырттық танытқаны ма?! Оның әрекетсіздігі бізді таңқалдырып отыр. Бұны қалай түсінуге болады?" Депутат Болат Керімбек
Депутаттар Болат Керімбек, Самат Нұртаза, Максим Рожин, Ерболат Саурықов, Олжас Құспеков осы сауалын премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға және ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасы Ермек Сағымбаевқа жолдады. Олар қорытындылай келе үкіметке мына шараларды қабылдауды ұсынды:
1. Қорғаныс саласын және Шекара қызметін қаржыландыру мәселесі республикалық бюджетті қалыптастырған кезде ең жоғары басымдыққа ие болуын қамтамасыз ету.
2. Ұлттық қордан арнайы қаржы бөлу мәселесін қарастыру.
3. Қорғаныс және шекара саласына бөлінетін шығыстарды жалпы ішкі өнімнің кем дегенде 1%-ына дейін жеткізуді заңмен бекіту.
4. Жүйелі әрі кешенді жұмысты ұйымдастыру және жоспарлау үшін арнайы бағдарлама қабылдау.