Депутат елдегі барлық ресімделмеген тұрғын үйлер мен жер учаскелерін тексеруді сұрады
ЖСДП фракциясының депутаты Нұрлан Әуесбаев халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету кез келген мемлекеттің басты әлеуметтік міндеті деп есептейді. Оның сөзінше, еліміздің түкпір-түкпірінде әр елді мекенде, заңды түрде айтсақ "өз еркімен", алайда жергілікті атқарушы органдардың ауызша рұқсатымен салынған тұрғын үйлер көп.
"Бір екі үй емес ондаған, жүздеген үйлер біртұтас шағын аудандар салынған. Алысқа бармасақ та болады, мысалы Астана қаласының төңірегінде орналасқан "Өндіріс" шағын ауданының тұрғындары бізге жүгінді. 2004 жылдан бастап кентте 400-ден астам үй салынды, онда 1500-нан астам адам тұрады, алайда 19 жыл бойы осы шағын ауданның тұрғындары өздерінің тұрғын үйлеріне құқық беретін құжаттарын әлі күнге дейін рәсімдей алмай жүр. Бұл тұрғындар ешқандай статистикалық есептерде көрсетілмеген, еш қай мекен жайда тіркелмеген, адамзаттың негізгі қажеттіліктері, қарапайым білім алу мен медициналық көмек алуға қол жеткізе алмай отыр". Депутат Нұрлан Әуесбаев
Оның сөзінше, алдыңғы жылдарда Астана қаласының әкімдері Өмірзақ Шөкеев, Асқар Мамин, тағы басқалар әкімдер осы шағын ауданның тұрғындарына олардың үйлері заңға сәйкес рәсімделеді, электр және сумен жабдықталады деп бірнеше рет уәде берген. Егер бұрын Елорда әкімдері кем дегенде адамдарға құжатын рәсімдеуге уәде берсе, қазір әкімдік бұл мәселеден мүлдем шеттетілген.
"Баспаған табалдырығы, қақпаған есігі қалмаған халық алаңдаушылықтары мен наразылықтарын білдіріп, әлеуметтік жанжалдың алдында тұр. Ал уәкілетті органдар мен әкімдіктер шара қолданудан бас тартып отыр. 2006 жылы Алматы қаласындағы Шаңырақ шағын ауданымен байланысты болған қайғылы оқиғалар бәріміздің есімізде сақталды. Егер үкімет осы мәселені шешу үшін тиісті шаралар қабылдамаса, елордада осындай қайғылы сценарийдің қайталануы әбден мүмкін. Өкінішке қарай, мұндай мысалдар ел бойынша аз емес. Ең алыс шалғайдағы ауылдарда құжатсыз, рәсімдей алмай жүргендер өте көп. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің көп сөзінде жаңа Қазақстанда азаматтарымыздың заңды құқығын мүлтіксіз сақтау қажет екені туралы бірнеше рет айтқан еді". Нұрлан Әуесбаев
Осыған байланысты ЖСДП партиясының фракциясы үкіметке мына ұсыныстарды айтты:
- Республика бойынша барлық ресімделмеген тұрғын үйлер мен жер учаскелеріне мониторинг жүргізілсін;
- Осы жер учаскелері мен тұрғын үйлерді бір реттік заңдастыру (легализация) жүргізілсін;
- Заңсыз салынған үйлердің жаңа фактілерінің туындауына жол бермеу жөнінде шаралар қабылдансын.