Елімізде жылда 2 мыңға жуық адам жұмыс барысында жарақат алады
Сурет: primeminister.kz
Қазақстанда 500 мыңға жуық адам зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейді. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінде бұл көрсеткіш өндірістік процестерді автоматтандыру және қауіпсіздік техникасы деңгейін арттыру есебінен жыл сайын азайып келеді.
Ал бізде өндірістік жарақат алу көрсеткіші біршама жоғары. Бұл туралы 26 желтоқсандағы үкімет отырысында премьер-министр Әлихан Смайылов айтты. Оның сөзінше, елімізде жыл сайын 2 мыңға жуық адам жұмыс барысында жарақат алады. Оның ішінде 200-ден астам адам мерт болады.
"Мысалы, биыл "Қазақмыс" компаниясында өндірістік жарақат алу көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда 3 еседен астам өсіп кетті. Бұрынғы "АрселорМиттал Теміртауда" соңы адам өлімімен аяқталған қайғылы жағдайлардың саны 7 еседен астам өскен. Өндірісте қазір қолданылып жүрген жазатайым оқиғалардан сақтандыру жүйесі жұмыс берушілерді еңбек жағдайларын жақсартуға ынталандырмайды. Бүгінде кәсіпорындардың тек 32%-і ғана өз қызметкерлерін сақтандырып отыр". ҚР премьер-министрі
Оның сөзінше, көп елде өмірді сақтандыру компаниялары сақтандыру сыйлықақысының белгілі бір бөлігін превентивті іс-шараларға бағыттайды.
"Яғни, оларда қызметкерлерді еңбек қауіпсіздігіне оқытуға, ұжымдық және жеке қорғау құралдарын сатып алуға басымдық беріледі. Біз де осындай жүйеге көшуіміз керек. Осы салада қалыптасқан проблемаларды кезек күттірмей шешу үшін Қазақстанда алғаш рет 2030 жылға дейінгі Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы әзірленді. Бұл құжат ең әуелі, кәсіптік қауіп-қатерлер мен өндірістік жарақаттану деңгейін және кәсіптік ауру түрлерін төмендетуге бағытталған. Барлық тәуекел алдын-ала ескеріледі. Өндірістегі қауіпсіздік саласын цифрландыру осы мәселелерді шешуге ықпал етуге тиіс. Жалпы алғанда, Тұжырымдама еңбекті қорғау саласындағы бақылау мен мониторингтің тиімділігін арттыруы керек". Әлихан Смайылов
Құжатты тиімді іске асыруды қамтамасыз ету үшін мына мәселелерге назар аудару қажет.
- Еңбек министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен және әлеуметтік серіктестермен бірлесіп, Тұжырымдаманың барлық іс-шараларын орындау бойынша жүйелі жұмысты ұйымдастыруы қажет.
- Төтенше жағдайлар министрлігі қауіпті өнеркәсіптік объектілердегі авариялар санын төмендетуді бақылауда ұстауы тиіс.
- Денсаулық сақтау министрлігі Кәсіптік аурулар институтын құру мәселесін тездетіп, оларды емдеу мен профилактикасының сапасын арттыруды қамтамасыз етуі керек.
- Өңір әкімдіктері еңбекті қорғау талаптарының сақталуы бойынша превентивті мемлекеттік бақылауды қамтамасыз етуі тиіс.
- Еңбек министрлігі арнайы төлемдердің әлеуметтік маңызын ескере отырып, оларды 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап жүзеге асыруға толық әзірлікті қамтамасыз етуі қажет.
Премьер-министр осы бағыттағы ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмысын күшейту керек екенін айтты.
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript