Смайылов мемлекеттік органдардың заңдарды дайындау мерзімін өткізіп алғанын сынады
Ол жалпы 2023 жылға арналған заң жобалау жұмыстарының жоспарын орындалды деп мақұлдауды ұсынды. Биыл қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, экономика және бюджет, медиа, әлеуметтік саладағы заңнамалық бастамаларды іске асыру бойынша ауқымды жұмыстар атқарылды. Дегенмен кемшілік те бар.
"Заң жобаларын Әділет министрлігіне, үкіметке және мәжіліске енгізу мерзімдері де бірнеше рет бұзылғанын айтып кету керек. Жаңа жоспарды іске асыру кезінде заң жобаларын уақытылы енгізуге ерекше назар аударған жөн. Өйткені биылғы жоспарды іске асыру кезінде мемлекеттік органдар заң жобаларын жоспарлау бойынша бірқатар кемшіліктерге жол берді. Осыған байланысты болжамдық-талдау жұмыстарын күшейтіп, Заң жобалау жұмыстарының жоспарында белгіленген мерзімдердің бұзылуына жол бермеу қажет". Әлихан Смайылов
Премьер-министрдің айтуынша, 2024 жылы 18 заң жобасын әзірлеу қажет болады. Олардың ішінде жаңа Цифрлық кодекстің жобасы, инновациялық қызмет саласын мемлекеттік қолдау жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша заң жобасы ерекше маңызға ие. Аталған заң жобаларының қабылдануы IT-саланы дамытуға, перспективалы стартаптар санын ұлғайтуға, қосымша инвестициялар тартуға мүмкіндік береді.
Білім және ғылым саласын дамыту, университеттерді орнықты қаржыландыруды қамтамасыз ету мақсатында Нысаналы капитал қоры туралы заң жобасы әзірленеді. Құқық қорғау органдарында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында жаңа Заң жобасымен кәсіби әдептілікті тексеру институты енгізіледі.
"Әділет министрлігі мемлекет басшысының, Президент әкімшілігі мен премьер-министрдің заңнамалық тапсырмаларына жыл бойы мониторинг жүргізуі қажет. Бұл ретте, оларды 2024 жылы әзірленіп жатқан заң жобаларына белгіленген тәртіппен енгізуді қамтамасыз ету керек. Мемлекеттік органдар бұл жұмысты тұрақты негізде жүргізуге тиіс. Жоспардың орындалуын жалпы үйлестіру мен бақылау Әділет министрлігінде", - деп қосты Әлихан Смайылов.