Алматыда Еуразиялық үкіметаралық кеңестің кеңейтілген құрамдағы отырысы өтті
Биыл ЕАЭО туралы шартқа қол қойылғанына 10 жыл толады. Бүгінде ол – 190 млн халқы бар, еңбек нарығы 93 млн-нан асатын, жалпы ішкі өнімі $2,7 трлн-ды құрайтын қарқынды дамып келе жатқан интеграциялық бірлестік. Бұл ретте мүше мемлекеттердің өзара саудасы 2015 жылдан 2022 жылға дейін 2 есеге өсіп, $85 млрд-қа жетті.
"Биылғы маңызды оқиға "Еуразиялық экономикалық жол" декларациясының қабылдануы болды. Бұл құжат еуразиялық кеңістіктегі алдағы 5 жылға арналған интеграциялық процестердің негізгі бағыттарын айқындайды. Декларацияны іске асыру біздің экономикаларымыздың дамуы үшін жағдай жасауға мүмкіндік береді. Нақты экономикалық жобаларды іске асыру үшін барынша күш салу қажет", — деді премьер-министр.
Үкімет басшысының айтуынша, ЕАЭО Шығыс пен Батыстың, Солтүстік пен Оңтүстіктің қиылысында орналасқан, бұл осы аймақты бәсекелестікке қабілетті ететін негізгі артықшылық.
"Қазақстан транзиттік көлік инфрақұрылымын дамытуға ерекше мән береді. Соңғы 15 жылда біздің еліміз осы мақсаттарға $35 млрд-тан астам қаражат бөлді. Ляньюньган қаласында логистикалық орталық, "Қорғас" құрғақ порты, "Батыс Еуропа – Батыс Қытай" транзиттік магистралі, Қытайдан Иранға теміржол дәлізі іске қосылды. Каспий теңізінің "Құрық" және "Ақтау" порттарына жаңғырту жүргізілді", — деді Әлихан Смайылов.
Сонымен қатар ол өнеркәсіптік кооперациядағы ынтымақтастықты нығайту мақсатында биылдан бастап бірлескен жобаларға қаржылай көмек көрсету тетігі іске қосылатынын айтты. Бұл стратегиялық жобаларды іске асыруға, бизнес бастамаларын тиімді ілгерілетуге, өзара инвестицияларды арттыруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
"Ірі өнеркәсіптік кооперациялық жобаларды іске асыру ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің технологиялық әлеуетін дамытуды қамтамасыз етеді. Бірлескен бастамаларды қаржылық қолдау құралдарын одан әрі кеңейту маңызды деп санаймын", — деді Әлихан Смайылов.
Үкімет басшысы "төрт бостандықты" және ЕАЭО туралы шарттың базалық қағидаттарын іске асыру интеграциялық бірлестіктің іргетасы болып қала беретінін атап өтті.
"Біздің экспорттаушылар көбінесе жасырын шектеулерге тап болады. Сондықтан біз үшін төрт бостандықтың бірі – тауарлардың қозғалыс еркіндігін іске асыру мәселесі өзекті болып қала береді. Жалпы кедергісіз нарықты қалыптастырып, үшінші елдерге тауарлардың кедергісіз транзитін қамтамасыз ету қажет. Бұған барлық негізгі процестерді цифрландыру септігін тигізуі тиіс", — деп атап өтті үкімет басшысы.
Қорытындылай келе, ол Дүниежүзілік банктің болжамына сәйкес, 2024 жылы әлемдік экономиканың өсу қарқыны баяулап, 2,4%-ға дейін төмендеуі жалғасатынын атап өтті.
"Ұлттық деңгейде де, ЕАЭО ауқымында да сын-қатерлерге бейімделе білу бүгінгі таңда біздің ұйымымыздың табысты жұмысының маңызды факторы болып табылады", — деп атап өтті премьер-министр.
Отырыс қорытындысы бойынша қатысушылар бірқатар тиісті құжаттарға қол қойды.