Мирзиёев Қазақстанның бір топ мемлекет және қоғам қайраткерлерін "Дўстлик" орденімен марапаттады
Өзбекстан президентінің сайтында жарияланған құжатқа сәйкес, "Өзбекстан Республикасы мен Қазақстан Республикасы арасындағы өзара сыйластық, сенім, тату көршілік және стратегиялық әріптестік қатынастарды жаңа деңгейге көтеруге, саяси, әлеуметтік-экономикалық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты практикалық мазмұнмен және маңызды бастамалармен толықтыруға қосқан жеке үлесі үшін, бірлескен жобаларды белсенді ілгерілету, сондай-ақ біздің елдеріміздің халықтары арасындағы ғасырлар бойғы достығын одан әрі нығайту жолындағы ерекше еңбегі үшін Өзбекстан Республикасының "Дўстлик" орденімен мына тұлғалар марапатталсын":
- Қарин Ерлан Тынымбайұлы - ҚР Мемлекеттік кеңесшісі;
- Желдібай Руслан Сұлтанұлы - ҚР Президентінің ішкі саясат және коммуникациялар мәселелері жөніндегі көмекшісі;
- Серік Мақашұлы Жұманғарин – ҚР премьер-Министрінің орынбасары;
- Балаева Аида Ғалымқызы - ҚР Мәдениет және ақпарат министрі;
- Бейбіт Бәкірұлы Атамқұлов - ҚР Өзбекстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі;
- Хашимжанов Икрам Акрамович - ҚР-дағы өзбек этномәдени бірлестіктері қауымдастығының төрағасы.
2024 жылы 7 тамызда Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев Қазақстанға мемлекеттік сапармен келді. Оны Астана әуежайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қарсы алды. Кейін Ақорда Қазақстан мен Өзбекстан қол қойған құжаттардың тізімін жариялады.