Қошанов: Бүгінгі Жолдау – әділетті, адал әрі қауіпсіз қоғам құрудың сүре жолы
"Әр жолдау – алға деген қарқынды ұмтылыс. Президент лауазымына кіріскен күннен бастап Қасым-Жомарт Кемелұлы ауқымды стратегиялық реформаларды қолға алды. Бүгінгі жолдау – сол реформалардың заңды жалғасы. Осылайша, Мемлекет басшысының экономика, саясат пен идеология саласын қатар реформалауға бағытталған стратегиялық бағдары үздіксіз іске асуда. Бүгінгі Жолдау қоғамды толғандырып отырған ең өзекті проблемаларға нақты жауап дер едім", – деді Мәжіліс төрағасы.
Ерлан Қошанов өңірлерді аралап келген депутаттар азаматтардың мұң-мұқтажы мен талап-тілегін, елдегі жағдайды жақсы білетінін айтты. Ол Жолдауда шағын және орта бизнесті қолдау, ауыл шаруашылығын қаржыландыру, банктердің экономикаға көбірек қаржы құюына жағдай жасау, салық саясатын қайта қарау және бюджет тапшылығы мәселесін шешу жөніндегі маңызды шаралардың барлығы заңнамалық деңгейде шешімін табуы керек екенін атап өтті.
"Қазір Мәжілістің қарауында Бюджет кодексі жатыр. Палатаға жаңа Салық кодексінің жобасы келіп түсті. Осы кодекстерді қарау кезінде Президент тапсырмаларының барлығын ескеруіміз керек. Бұл заңдар Мемлекет басшысының экономиканы жаңғырту бойынша тапсырмаларын орындауда негізгі рөл атқарады", – деді Мәжіліс төрағасы.
Сондай-ақ Мәжіліс спикері Президент "Банктер туралы" жаңа заң қабылдау жөнінде нақты тапсырма беріп, мемлекеттік кәсіпорындарды басқару саясатын жетілдіру және активтерді қайтару бойынша нақты міндеттер жүктегенін еске салды.
Депутаттар алдына қойылған міндеттердің қатарында Ұлттық қордан бөлінген қаржыны тиімді пайдалану, халықты толғандырып отырған маңызды әлеуметтік мәселелерді шешу, оның ішінде білім беру саласын және бұқаралық спортты дамыту мәселелері де бар.
Сондай-ақ спикер 6 қазанда өтетін атом электр станциясын салу бойынша жалпыхалықтық референдумда күллі Қазақстан халқының ұстанымы белгілі болатынын айтты. Бұл – елімізде жаңа саяси мәдениет қалыптасып келе жатқанының жарқын көрінісі, "Халық үніне құлақ асатын Үкімет" тұжырымдамасының нақты нәтижесі.
Сөз соңында Ерлан Қошанов қазіргі жаһандық ауыртпалықтар кезеңінде Қазақстан дамудың жаңа бағдарын ұстанып, әділетті, адал және қауіпсіз қоғам құру жолында сенімді түрде алға басып келе жатқанын атап өтті. Ал заң шығарушы билік тармағының басты міндеті – елдегі заң мен тәртіптің үстемдігін қамтамасыз ету.
Айта кетсек, бүгін, 2024 жылы 2 қыркүйекте ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел халқына Жолдауын жариялады.