2022 жылғы Олимпиаданың басты фавориттері Бейжіңге ұшу мерзімін кейінге шегерді
Алдымен норвегиялық шаңғышылар спринт тобының жаттықтырушысы Арильд Монсеннен коронавирус табылғандықтан ұшуды кейінге шегеруге мәжбүр болған еді. Содан кейін инфекция жұқтырғандар тізіміне Норвегияның олимпиадалық әйелдер құрамасының мүшелері Анна Кьерсти Кальво мен Хейди Венг келіп қосылды, деп хабарлайды норвегиялық NRK басылымы.
Бүкіл команда Италияда жиналып, онда олар 2022 жылы Бейжіңде өтетін қысқы Олимпиада ойындарына жіті дайындалған болатын.
Команда үшін өте өкінішті жағдай. Бұл жайтқа ілінгендердің барлығы үшін ішіңіз ашиды. Олардың барлығы бір бірінен алшақ тұрады. Біз бұған баса назар аударған едік, біз оқшаулануға қатысты итальяндықтардың ережелерін қатаң сақтадық. Ауру жұқтырғандардан басқалары оқшауланып жатыр. Алдағы күндері инфекция тағы анықталады ма, оны жіті қадағалайтын боламыз. Ойстейн Андерсен, Норвегия құрамасының дәрігері
Бастапқыда норвегиялық спортшылар Бейжіңге 27 қаңтарда ұшады деп жоспарланған болатын, енді бұл күн 31-іне ауыстырылды.
Айта кетсек, шаңғы жарысында Норвегияның ерлер мен әйелдер құрамасы да болашақ ойындардың барлық түрі бойынша басты фавориттер болып табылады.