Ислам ынтымақтастығы ойындарында командалық есепте Қазақстан үздік үштікке енді
Салтанатты іс-шараға Түркия президенті Реджеп Тайип Эрдоган, Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиев, Ислам Ынтымақтастық Ұйымының Бас хатшысы Хусейн Ибрагим Таха, сондай-ақ бірқатар елдердің үкімет басшылары мен министрлері арнайы қатысты.
Дүбірлі додада 56 елден 4200 спортшы бақ сынауда. Қазақстан намысын 125 спортшы спорттың 16 түрінен қорғайды.
Спортшылар шеруінде Қазақстанның Туын көтеру құрметіне семсерлесуден 23 жасқа дейінгі Азия чемпионы – Ерлік Сертай ие болды.
V Ислам ынтымақтастық ойындарының ашылу салтанатында туды ұстап шығуды маған сеніп тапсырғаны үшін еліміздің спорт қоғамына алғысымды білдіремін. Бұл мен үшін үлкен жауапкершілік және мәртебе. Алдағы жарыстарда жоғары нәтиже көрсетіп, ел сенімін ақтаймыз деген үміттемін. Ерлік Сертай
Байрақты бәсекеге Қазақстан құрамасын бастап барған Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Айгүл Бектенова спортшылар бабында екенін жеткізді.
Салтанатты ашылу рәсімі бүгін өтіп жатқанымен спорт түрлерінен жарыстар 5 тамыз бастау алған болатын. Қазіргі таңда ел құрамасы 5 алтын, 1 күміс, 5 қола жүлдемен жалпы командалық есепте үшінші орынға жайғасты. Бұл өте жоғары көрсеткіш. Спортшыларымыз жақсы дайындықпен келді. Жарыс жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Айгүл Бақытжанқызы
Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін отандық спортшылар екі Ислам ынтымақтастық ойындарына қатысып, 2017 жылғы ІV Ислам ынтымақтастық ойындарына Қазақстан құрамасы қатарында 7 спорт түрінен 35 спортшы өнер көрсетіп, нәтижесінде 2 алтын, 5 күміс, 12 қола жүлдемен жалпыкомандалық есепте 14 орынға орныққан болатын.
V Ислам ынтымақтастық ойындары 2021 жылы өтуі керек еді, бірақ пандемияға байланысты 1 жылға кейінге қалдырылды.