Әлихан Смайылов Дүниежүзілік универсиадаға Қазақстан атынан қатысқан спортшылармен кездесті
Нәтижесінде құрама команда жалпы медальдық есепте 119 елдің арасынан 20-шы орынды иеленді. Кездесу барысында Әлихан Смайылов мемлекет басшысының спортшыларға жолдаған құттықтау сөзін оқып берді. Өз кезегінде премьер-министр студент жастардан құралған қазақстандық атлеттер осы халықаралық жарыстарда өзін лайықты көрсеткенін атап өтті.
"Қазақстандықтар сіздердің жеңістеріңізді мақтан тұтады. Сіздер Қытайда еліміздің абыройын асқақтаттыңыздар", — деді Әлихан Смайылов.
Әлихан Смайылов атап өткендей, бүгінгі таңда қазақстандық спорт жаңа есімдерге, яғни даңқты спортшылардың орнын басатын спортшыларға мұқтаж. Сондықтан да Универсиададағы бүгінгі жеңістер – бұл болашақтағы олимпиадалық жетістіктерге апаратын нақты қадам.
"Үкімет атынан және жеке өз атымнан лайықты өнер көрсеткендеріңіз үшін барлық жаттықтырушылар мен жас спортшыларға, сондай-ақ ата-аналарыңызға алғыс айтамын. Біз сіздердің спорттағы жеңістеріңіз сыйлаған қуанышты сәттерге ризашылық білдіреміз. Сіздерден жаңа жетістіктер мен рекордтар күтеміз!", — деп түйіндеді ол сөзін.
Бірнеше спортшы құттықтау сөз сөйледі. Кездесу барысында Үкімет басшысы ХХХІ Дүниежүзілік жазғы Универсиада жеңімпаздарына алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыс етті.