ҚТЖ "Жолаушылар тасымалы" филиалы басшысының ұсталуына қатысты түсініктеме берді
Сурет: Zakon.kz
ҚТЖ баспасөз қызметі таратқан хабарламада "Жолаушылар тасымалы" филиалы басшысының ұсталуына қатысты үкім шықпайынша ешқандай түсініктеме бере алмайтыны айтылған, деп хабарлайды Zakon.kz.
"Компания кінәсіздік презумпциясы қағидатын басшылыққа ала отырып, айыптау үкімі шығарылғанға дейін сыбайлас жемқорлық жасады деген күдік бойынша "Жолаушылар тасымалы" АҚ - "Қала маңы тасымалы" филиалының басшысын ұстау фактісіне түсініктеме бере алмайды. Сонымен қатар, бұған дейін хабарланғандай, ҚТЖ уәкілетті органдарға сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың жолын кесуге және ашуға жәрдем көрсетеді", - делінген хабарламада.
Сонымен бірге баспасөз қызметінің мәліметінше, 2022 жылғы тамыздан бастап ҚТЖ Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметпен бірлесіп компанияда сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау бойынша бірлескен жұмыс жүргізген.
"Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет егжей-тегжейлі талдау жүргізіп, оның нәтижелері бойынша сыбайлас жемқорлықтық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою туралы ұсыныстар да бар. Өз кезегінде ҚТЖ жүргізілген ішкі тексерулер барысында өңірлік филиалдардың лауазымды адамдары мен қызметкерлерінің сыбайлас жемқорлықтық бұзушылық фактілерін анықтады, олар бойынша тиісті процестік шешім қабылдау үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке материалдар уақытылы жіберілді. ҚТЖ өз қызметінде барынша ашықтыққа ұмтылады. Сыбайлас жемқорлыққа және қызметтік жағдайды теріс пайдалануға нөлдік төзімділік саясаты іске асырылып жатыр", - делінген хабарламада.
Еске салайық, 2022 жылғы 28 желтоқсанда "Жолаушылар тасымалы" АҚ филиалының басшысы ұсталғанын және "Қала маңы тасымалы" басшыларының біріне қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталғанын хабарлады.
Акционерлік қоғамы филиалының директоры екі жылдан астам уақыт аралығында жолаушылар вагондарын жөндеу бойынша қаражат алды деген күдікке ілінді. Алынған пара сомасы 11 миллион теңгеден асады. 2022 жылғы 20 желтоқсанда күдікті ұсталып, соттың санкциясымен қамауға алынған.
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript