Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында Kirpish Zaýyty ашылды
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Тәуелсіздіктің 30 жылдығын мерекелеу қарсаңында ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин жұмыс сапарымен Ақмола облысына барды, онда жаңа өндірісті бастап беріп, өңір тұрғындарына мемлекеттік наградаларды табыстады, деп хабарлайды Zakon.kz.
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған салтанатты шарада сөйлеген сөзінде А. Мамин Ақмола облысы еліміздің маңызды аграрлық-индустриялық өңірлерінің бірі екенін атап өтті. Тәуелсіздік жылдарында жалпы өңірлік өнім $446 млн-нан $5,4 млрд-қа дейін 12 есе өсті.
Жалпы еліміз бойынша облыс астық жинайтын комбайндардың 70%-ға жуығын, тракторлардың 43%-ын, мамандандырылған автомобильдердің 47%-дан астамын, мойынтіректердің 100%-ын, құрамында алтыны бар өндірілетін кендердің 45%-дан астамын, жартылай өңделген алтынның 27%-ға жуығын шығарады.
Индустрияландыру картасының жобаларын іске асыру қосылған құны жоғары, бұған дейін шығарылмаған 20-ға жуық жаңа өнім түрлерінің өндірісін ұйымдастыруға мүмкіндік берді.
Ақмола облысы еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Облыс ел ішінде ауыл шаруашылығының үлесі бойынша 5-ші орында. Өңір 25% астам астық (5 млн тонна), 23,5% құс етін (80 мың тонна), 16% жұмыртқа (800 млн дана) және 8% ет (150 мың тонна) өндіреді. Егістік жер көлемі 5 млн гектардан асады, облыс аумағында 8 құс фабрикасы және 15 ет өңдеу кәсіпорны жұмыс істейді.
Көлік инфрақұрылымы белсенді түрде жаңғыртылуда, балабақшалар, мектептер, медициналық және спорт объектілері салынып жатыр. 6,9 млн шаршы метрге жуық тұрғын үй салынды. Жалпы қуаты 290 МВт болатын жаңартылатын энергетика объектілері іске қосылды.
Туризм саласында да елеулі өзгерістер болды. 3 мемлекеттік ұлттық табиғи парк ашылды: «Көкшетау» (1996 ж.), «Бурабай» (2000 ж.) және «Бұйратау» (2011 ж.), жалпы ауданы шамамен 240 мың га. Щучинск-Бурабай курорттық аймағының аумағында 15 млрд теңгеден астам сомаға туризм жобалары іске асырылды. Жалпы инвестиция көлемі 100 млрд теңге болатын Бурабай курорттық аймағын дамыту жобаларын іске асыру көзделген.
Облыстың әлеуетін арттыру шеңберінде 2025 жылға дейін АӨК, энергетика, құрылыс материалдарын өндіру, көлік және логистика және т. б. перспективалы салаларда жалпы сомасы 2 трлн теңге болатын 340-қа жуық маңызды инвестициялық жобаны іске асыру көзделген.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығына сәйкес, ҚР Премьер-Министрі А. Мамин Тәуелсіздік күніне орай Ақмола облысының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілеріне, кәсіпорындардың жұмысшыларына, денсаулық сақтау, спорт, БАҚ саласының өкілдеріне және кәсіпкерлерге мемлекеттік наградаларды табыстады.
«Парасат» орденімен «Әріп-Агро» ЖШС директоры Уәлихан Әріпов, II дәрежелі «Достық» орденімен «Казрост» компаниялар тобының құрылтайшысы Давид Бежуашвили, «Құрмет» орденімен – «ENKI» ЖШС директоры Мырзабай Әбдіқалықов және «Тұқым Агро» ЖШС директоры Игорь Пугачев, III дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен – «Қамқор Локомотив» ЖШС «Атбасар электровоз жөндеу зауыты» филиалының автоматты цехының жылжымалы құрамын жөндеу слесарі Сәкен Әбдірахманов және «ЕПК Степногорск» АҚ техникалық бақылау учаскесінің шебері Татьяна Щербакова марапатталды.
«Ерен еңбегі үшін» медалімен «Қазақстан агроинновациялық корпорациясы» ЖШС бас директоры Олег Балыбин, «КИ 811 автожөндеу зауыты» АҚ бас директоры Рамиль Баязитов, «КТК» телеарнасының меншікті тілшісі Айзат Дүйсен марапатталды.
«Шапағат» медалімен «Қазақстан халық банкі» АҚ Ақмола облыстық филиалының директоры Дәулет Топин, ҚР Құрмет грамотасымен жеке кәсіпкер Болат Әбдірахманов, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерейтойлық медалімен «Родина» агрофирмасы» ЖШС бас директоры Иван Сауэр, Ақмола облысының денсаулық сақтау саласының еңбек сіңірген ардагері Болат Жанәділов, жоғары спорт шеберлігі мектебінің бокстан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Теміртас Жүсіпов марапатталды.
Жұмыс сапары барысында Үкімет басшысы «ENKI» ЖШС керамикалық кірпіш шығару жобасының II кезеңінің ашылу рәсіміне қатысты. Кәсіпорынның қуаты жылына 30 млн дана кірпішті құрайды. 2010 жылы пайдалануға берілген кірпіш зауыты жобасының I кезеңін ескере отырып, кірпіш өндірісінің жалпы қуаты жылына 90 млн дананы, ал жұмыс орындарының саны 400 құрайды. Зауыт өнімі ҚР ішкі нарығына жеткізіледі, сондай-ақ шетелге экспортталады.
Сонымен қатар Премьер-Министр Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейіндегі «Тәуелсіздіктің 30 жылы» жаңа залымен танысты, «Bolashaq sarai» сарайына және «Көкшетау» мәдениет сарайына барды.