2021 жылғы 11 айда ЖІӨ 3,8%-ға өсті
Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев ҚР 2021 жылғы қаңтар-қарашадағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы баяндады, деп хабарлайды Zakon.kz.
Биыл қаңтар-қарашада Қазақстан экономикасының өсуі 3,8%-ке жеделдеді. Нақты саладағы өсу 2,9%. Қызмет көрсету саласындағы іскерлік белсенділік 3,9%-ке өсті.Әсет Ерғалиев
2021 жылғы 11 айдың қорытындысы бойынша, қызмет көрсету саласында өсу, нақты салада орнықты өсу қарқыны, экспорттың жоғары өсу қарқыны есебінен сауда балансының нығаюы және өндіруші емес саладағы инвестициялық жоғары белсенділік байқалады.
Инвестицияға келсек, кен өндіру өнеркәсібін есепке алмағанда негізгі капиталдағы өсу 11,7% болған. Құрылыста 2,1 есе, өңдеу өнеркәсібінде 50,5%, ауыл шаруашылығында 40,5%, саудада 34,2%, жылжымайтын мүлік операциясында 18,6%, қаржы қызметінде 14,2% жоғары көрсеткіш бар.
ҰЭМ басшысы хабарлағандай, қаңтар-қазанда сыртқы сауда тауар айналымы 82,2 млрд долларды, оның ішінде экспорт 49,1 млрд долларды құрады. Бұл ретте өңделген тауар экспорты 24,4%-тен 15,5 млрд долларға өскен. Тауар импорты 33,1 млрд доллар. Осылайша, оң сауда балансы 16 млрд доллар деңгейінде қамтамасыз етілді.
Өңдеуші өнеркәсіп орнықты өсу тенденциясын сақтауда. Өндіріс көлемі 5,2%-ке артқан.
2021 жылғы 11 айда орындалған құрылыс жұмысы көлемі 6,2%-ке өсті. 13,4 млн шаршы метр тұрғын үй іске қосылды.
7 экономикалық көрсеткіш бойынша өңірдегі жалпы жағдай мынадай. Барлық көрсеткіштер бойынша оң өсу 7 өңірде – Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Маңғыстау және Павлодар облыстарында, сондай-ақ Шымкент пен Нұр-Сұлтанда байқалады. 6 көрсеткіш бойынша 9 өңірде өсу бар. Бұл Алматы қаласы, сондай-ақ Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстары. Батыс Қазақстан облысында өсу 5 көрсеткіш бойынша.
Ұлттық экономика министрлігі басшысы орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың тұрақты эпидемиологиялық жағдайдың сақталуына, жанармай сұранысына жедел ден қоюға, әлеуметтік маңызы бар тауар бағасының маусымдық өсуін болдырмауға, Инфляцияға қарсы ден қоюдың кешенді шараларын тиімді іске асыруға назар аударуы қажеттігін атап көрсетті.