Заң жобасы азаматтардың қор нарығына қатысу аясын кеңейтеді – Н.Нығматулин
Заң жобасын талқылау барысында депутаттар жеңіл жол-көлік оқиғалары кезінде және зардап шеккендер болмаған жағдайда, автокөлік иелерінің өзара келісімі бойынша полиция шақырусыз және сот шешімінсіз хаттама рәсімдеп, яғни сақтандыру төлемін жеделдетілген және оңайлатылған түрде алу туралы ұсыныстарын жеткізді.
Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин депутаттардың ұсынысын қолдай отырып, осы заң жобасы жоғарыда айтылғандай сақтандыру төлемінің жеңілдетілген сызбасын қолдана алатынын атап өтті.
Яғни, полиция хаттамасын рәсімдемей және әкімшілік соттың шешімінсіз.
Палата Төрағасының пікірінше, дәл қазір мұндай жағдайларда жүргізушілер бюрократиялық рәсімдерден аулақ болып, жағдайды өз қалталарынан шешетінін жақсы біледі.
Сонымен қатар, отырыста депутаттар азаматтардың қор нарығына қатысу аясын кеңейту қажеттігі туралы мәселе көтерді.
Жеке инвесторлардың құқықтарын қорғау шараларын күшейту, ол бірінші кезекте біздің отандық қор нарығымызды дамыту үшін қажет.Нұрлан Нығматулин
2012 жылы Елбасы азаматтарымыздың IPO арқылы жекешелендіру процестеріне қатысу міндетін қойғанына назар аударған Палата Төрағасы «ҚазТрансОйл», «Кегок» және «Кcell» акциялары іске асырылғанын, бірақ бұл процеске, оның ішінде жекешелендіру процестеріне халықтың қатысуының ашық және қауіпсіз тетігі болмағандықтан, жеке инвестор нарыққа келмегенін алға тартты.
Сондай-ақ, Мәжіліс Төрағасы биылғы жылы Мемлекет басшысы Реформалар жөніндегі жоғары кеңес туралы отырысында әрбір азаматтың ұлттық байлықтың бір бөлігін алу мүмкіндігі болуы үшін акцияларды бірінші кезекте жеке тұлғаларға – Қазақстан азаматтарына өткізе отырып, «Халықтық IPO» бағдарламасын қайта бастау міндетін қойғанын атап өтті.
Нұрлан Нығматулиннің айтуынша, бұл Қазақстанның қор нарығының өсуі аясында өте өзекті. Агенттіктің мәліметінше, оның көлемі соңғы 5 жылда 3 еседен астамға өсіп, 47 триллион теңгеге немесе ЖІӨ-нің 67%-ына жетті.
Қор нарығы, шын мәнінде, қазіргі кездегідей капиталды қайта бөлу орны ғана емес, халықтың қосымша табыс көздерінің бірі болуы керек.Палата спикері
Мысалы, көрші Ресейде, бөлшек инвесторлардың үлесі 10% немесе 15 миллион адамды құрайды.
Жалпы заң жобасы өмірді сақтандырудың жаңа әлеуметтік маңызды өнімдерін ендіру жолымен сақтандыру нарығын және бағалы қағаздар нарығын одан әрі дамыту, сақтандыру қызметтерін тұтынушылардың және қор нарығында инвесторлардың құқықтарын қорғау шараларын күшейту, сақтандырудың кепілдік берілетін сыныптарының тізбесін кеңейту, сақтандыру нарығы мен бағалы қағаздар нарығының көрсетілетін қызметтерін цифрландыру, қазақстандық компаниялардың тәуекелдерін тиімді хеджирлеу үшін құқықтық жағдайлар жасау мақсатында әзірленген.