Алматы қаласында төтенше жағдай енгізілді
Азаматтардың қауіпсіздігін сақтау мақсатында Алматы қаласында 2022 жылғы 5 қаңтар сағат 1:30-дан бастап 19 қаңтар сағат 00:00-ге төтенше жағдай енгізілді.
Алматы қаласының коменданты болып Алматы қаласы Полиция департаментінің бастығы Қанат Даниярұлы Таймерденов тағайындалды.
Төтенше жағдайдың күшінде болуы кезеңінде мынадай шаралар мен уақытша шектеулер енгізілді:
1) қоғамдық тәртіптің сақталуы, аса маңызды мемлекеттік және стратегиялық объектілердің, сондай-ақ халықтың тыныс-тіршілігін және көлік қызметінің жұмыс істеуін қамтамасыз ететін объектілердің күзетілуі күшейтілсін;
2) Алматы қаласында жүріп-тұру, оның ішінде көлік құралдары қозғалысының еркіндігіне шектеулер белгіленсін;
3) жеке тұлғалардың жеке басын куәландыратын құжаттарды тексеру, оларды жеке тексеру, олардың заттарын, көлік құралдарын тексеру қамтамасыз етілсін;
4) Алматы қаласына кіру, сондай-ақ одан шығу шектелсін;
5) бейбіт жиналыстарды, ойын-сауық, спорттық және басқа да бұқаралық іс-шараларды ұйымдастыруға және өткізуге тыйым салынсын;
6) ереуілдерге және заңды тұлғалардың қызметін тоқтата тұрудың немесе тоқтатудың өзге де әдістеріне тыйым салынсын;
7) қару, оқ-дәрі, жарылғыш заттар, арнаулы құралдар, улы заттар сатуға тыйым салынсын, дәрі-дәрмектің, есірткі заттардың, психотроптық заттардың, прекурсорлардың, сондай-ақ этил спиртінің, алкоголь өнімдерінің айналымына ерекше режим белгіленсін;
8) жеке тұлғалардан қару мен оқ-дәріні, улы заттарды уақытша алып қою, ал заңды тұлғалардан қаруға, оқ-дәріге және улы заттарға қоса әскери және жауынгерлік оқу техникасын, жарылғыш және радиоактивті заттарды уақытша алып қою қамтамасыз етілсін.
Жарлықтың толық мәтінін осы жерден оқи аласыздар.