Смайылов: Жаһандық өзгерістердің әсеріне ұшыраған инфляцияны біртіндеп төмендету – маңызды міндет
Жаңа премьер-министр сөзін Қасым-Жомарт Тоқаев пен депутаттарға алғыс білдіруден бастады.
Бұл – мен үшін зор жауапкершілік. Қазіргі кезде мемлекет басшысының жетекшілігімен елдің егемендігі мен ұлттық қауіпсіздігін, бейбітшілік пен келісімді нығайтуға, халық үніне құлақ асатын мемлекет құруға бағытталған өзгерістер жүзеге асып жатыр. Азаматтардың заңды талаптары ескеріліп, іске асырылатын болады. Әлихан Смайлов
Ол өз сөзінде мемлекет басшысының елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыру, халықтың тұрмысын жақсарту бойынша тапсырмалары үкімет үшін басым міндеттер болатынын атап өтті.
Үкімет Президенттің жолдауларын, бастап жатқан реформаларын және тапсырмаларын, стратегиялық және бағдарламалық құжаттарды іске асыру жұмыстарын жүргізетін болады, Тиімді макроэкономикалық саясатты іске асыру, жаһандық өзгерістердің әсеріне ұшыраған инфляцияны біртіндеп төмендету және макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету маңызды міндеттер болып табылады. Әлихан Смайылов
Әлихан Смайылов жаңа үкімет экономикалық өсуді орта мерзімді уақытта 5 пайыз деңгейіне жеткізу үшін тиісті жұмыстар атқаратынын баса айтты.
Сондай-ақ ол ұлттық инновациялық-индустриялық және инфрақұрылымдық жобаларда отандық және шетелдік инвесторларды тарту үшін елдің инвестициялық тартымдылығын арттыру саясаты жалғастырылатынын атап өтті.
Бизнес климатты жақсарту және кәсіпкерлікті дамыту, халықты жұмыспен қамту мен жалақыларды көтеру жөніндегі кешенді шаралар азаматтардың нақты табысының өсуіне ықпал етеді. Үкімет жұмысының басты мақсаты – халықтың әл-ауқатын арттыру. Сондықтан мемлекет бюджеті тиісті шараларға енгізілетін болады. Әлихан Смайылов
Әлихан Смайылов Парламент мәжілісі жиынында сөйлеген сөзін қорытындылай келе, үкіметтің алдында коронавирус пандемиясын еңсеру міндеті тұрғанын, халықты вакциналау және ревакциналау жұмыстары жалғасатындығын айтты.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 11 қаңтарда өткен Парламент мәжілісі жиынында премьер-министр қызметіне Әлихан Смайыловтың кандидатурасын ұсынып, жиынға қатысқан мәжіліс депутаттарының 89-ы бұл ұсынысты қолдап дауыс бергенін жазған едік.