Смайылов Түркия Республикасының вице-президентімен телефон арқылы сөйлесті
Түркия Республикасының вице-президенті Фуат Октай Әлихан Смайыловты Қазақстан Республикасының Премьер-министрі лауазымына тағайындалуымен құттықтады. Октай қаңтарда болған қайғылы оқиға салдарынан қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтып, Түркияның Қазақстанға қажетті қолдау көрсетуге дайын екенін атап өтті.
Түркия Республикасы – Қазақстанның сенімді әрі стратегиялық серіктесі. Қазақстан Үкіметі ынтымақтастықтың барлық бағыты бойынша Түркиямен ынтымақтастықты нығайтуды жалғастырады. Әлихан Смайылов
Түркия – Қазақстанның маңызды сауда-экономикалық әріптесі. 2021 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша өзара сауда көлемі 3,74 млрд долларды құрады, бұл 2020 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 32%-ға артық және 2019 жылғы пандемияға дейінгі деңгейден анағұрлым асып түседі.
ҚР Тәуелсіздік жылдарында Түркия Қазақстан экономикасына шамамен 5 млрд доллар инвестиция салды, ҚР-ның ТР-ға салған инвестиция көлемі 1,1 млрд долларды құрады.
Биыл Қазақстан мен Түркия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл толады.