Мәжіліс қауіпті қалдықтардың транзиті туралы Заң жобасын мақұлдады
Заң жобасын Парламент мәжілісінің депутаттарына Экология министрі Серікқали Брекешев таныстырды.
Ратификациялауға қабылданған Келісім 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарт шеңберінде жасалған халықаралық құжат болып табылады.
Айта кету керек, Келісім мүше мемлекеттердің өзара саудасы кезінде қалдықтарды трансшекаралық тасымалдауды жүзеге асыратын кәсіпкерлер ретінде тіркелген заңды және жеке тұлғаларға қолданылады.
Қалдықтарды экспорттайтын және импорттайтын кәсіпкерлер Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкелуге және (немесе) әкетуге рұқсат беру тәртібі белгіленген тауарлардың тізбесін басшылыққа алады.
С.Брекешев баяндамасында жеке тұлғалардың өз пайдалануы үшін қалдықтарды трансшекаралық өткізуіне тыйым салынғанын атап өтті.
Келісімнің талаптарын сақтау Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер арасында қауіпті қалдықтарды өткізудің бірыңғай тәртібін белгілеуге мүмкіндік береді, сондай-ақ қауіпті қалдықтарды экологиялық негізделген түрде жоюға және қайта өңдеуге, қоршаған ортаның ластануын болғызбауға алып келеді.
Осылайша, Тараптар осы Келісімге және мемлекеттердің заңнамасына сәйкес қалдықтардың трансшекаралық өткізілуін бақылауды және қадағалауды жүзеге асыратын болады, Тараптар қалдықтарды көму және (немесе) залалсыздандыру мақсатында олардың трансшекаралық өткізілуіне жол бермейді.
Заң жобасын Мәжіліс мақұлдап, ҚР парламенті сенатына жіберді.