Қазақстан Қырғыз елімен арадағы тауар айналымын екі есеге арттыруға ниетті
ҚР Премьер-министрі баспасөз қызметінің мәліметінше, шағын және кеңейтілген құрамдағы Үкіметаралық келіссөздерде тараптар сауда-экономикалық, су-энергетикалық, көлік-логистикалық, өнеркәсіптік және инвестициялық салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады.
Қырғызстан тарапынан жылы шыраймен қабылдағаны үшін алғыс білдіре отырып, Әлихан Смайылов Қырғызстан Қазақстанның негізгі сауда-экономикалық серіктестерінің бірі ғана емес, сонымен қатар дәстүрлі достық қарым-қатынастар байланыстыратын бауырлас мемлекет екенін атап өтті.
Қазақстан Үкіметінің басшысы екі ел арасындағы тауар айналымын арттыру мәселесіне ерекше тоқталды, ол қазірдің өзінде 1 млрд долларға жетіп отыр.
«Әлбетте, біз мұнымен шектеліп қалмаймыз, екі елдің әлеуеті бұдан да жоғары деп есептеймін. Біздің алдымызда тұрған ендігі міндет – өзара сауда деңгейін $2 млрд-қа дейін жеткізу», – деді Әлихан Смайылов.
Сурет: primeminister.kz
ҚР Премьер-министрінің ойынша, қойылған мақсатқа қол жеткізу үшін тауар номенклатурасын кеңейту, индустриялық сауда-логистикалық кешендерді құру жөніндегі жұмысты жандандыру, сондай-ақ көлеңкелі тауар айналымына қарсы күрес шараларын күшейту қажет.
Өз кезегінде Қырғызстанның Министрлер кабинетінің басшысы Ақылбек Жапаров екі халық арасындағы тарих пен мәдениеттің ортақтығына, өзара түсіністік пен сенімге негізделген достық және бауырластық байланыстар ортақ мақсат – халықтарымыздың гүлденуі мен әл-ауқатын арттыруға көмектесетініне сенім білдірді.
Сурет: primeminister.kz
Кездесу соңында тараптар келіссөздердің жемісті болғанын атап өтіп, тату көршілік және стратегиялық серіктестік рухында мемлекетаралық белсенді іс-қимылды жалғастыруға дайын екендерін білдірді.
Келіссөздер қорытындысы бойынша Үкіметаралық кеңестің 10-отырысының хаттамасына, сондай-ақ «GFC Bishkek» ЖШҚ құру туралы келісімге қол қойылды.
Келісім АХҚО Жасыл қаржы орталығының және қырғызстандық серіктестер – «Айыл Банк» ААҚ, «Қырғыз қор биржасы» ЖАҚ және «Қырғызстан банктерінің одағы» ЗТБ қатысуымен бірлескен компания құруды көздейді. Бірлескен компанияны құру «Астана» халықаралық қаржы орталығын Қырғызстанда және Орталық Азия өңірінде ілгерілетуге бағытталған.