Үкіметте су саясатының тиімділігін арттыру мәселелері қаралды
Бірінші мәселе бойынша баяндама жасаған экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев қазіргі таңда мемлекеттік су саясатын іске асыру түрлі мемлекеттік органдардың құзырында екенін атап өтті, делінген primeminister.kz сайтында.
Осылайша, азаматтарды және экономика салаларын сумен қамтамасыз етуге, сондай-ақ су ресурстарын пайдалану мен қорғауға қатысты функциялар үш министрлікке — Экология, геология және табиғи ресурстар, Ауыл шаруашылығы, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктеріне жүктелген.
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне су ресурстарын басқаруға, су бұруға, азаматтар мен экономика салаларын сумен қамтамасыз етуге, сондай-ақ су экожүйелерін қолдауға байланысты негізгі функцияларды қосу ұсынылады.
ҚР Премьер-министрі ұсынылған тәсілдерге қатысты бірқатар ескерту жасап, ведомствоаралық үйлестіруді күшейте отырып (жекелеген бағыттар бойынша), оларды қосымша пысықтауды тапсырды.
Күн тәртібіндегі екінші мәселені талқылау барысында биыл Сырдария өзені бассейнінде су таяздығы циклі жалғасып жатқаны айтылды. Бұл орайда бассейн елдері су шаруашылығындағы күрделі жағдайдың теріс салдарын болдырмау үшін келісіп әрекет етуде.
Сурет: primeminister.kz
Мәселен, Тоқтоғұл су қоймасында судың жиналу жағдайы тұрақтанды. Қазақстан мен Өзбекстан «Бахри Точик» су қоймасының қарқынды вегетациялық кезеңдегі жұмыс режимін Тәжікстанмен келісіп жатыр.
Бұл шаралар Сырдария өзенінің жоғарғы және орта ағысындағы, сондай-ақ Түркістан облысының Жетісай және Мақтаарал аудандарындағы фермерлерді «Достық» каналы арқылы маусым-тамыз айларында шамамен 550 млн м3 көлемінде – өткен жылғы деңгейде суармалы сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Әлихан Смайылов аталған жұмысты бақылауда ұстап, Қазақстанның мемлекетаралық ынтымақтастық аясындағы міндеттемелерін орындау форматын нақтылауды тапсырды.