Үкіметте ұлттық парктерді бір күн ішінде қоқыстан тазарту тапсырылды
2022 жылы елдегі туристер санының бірнеше есе өскені байқалады. Дестинациялар бөлінісінде осы жылдың 7 айында Бурабайдағы туристер саны шамамен екі есеге өсіп, 550 мың адамды құрады (2021 жылы – 300 мың адам). І жартыжылдықтың қорытындысы бойынша Алматы тау кластерінің ұлттық парктеріне келушілер саны 50 пайызға артқан. Сондай-ақ, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда "Шымбұлақ" тау курорты туристерінің саны екі есеге өскен, делінген primeminister.kz хабарламасында.
Осыған байланысты жұмсақ инфрақұрылымға, әсіресе курорттық аймақтардың тазалығына жүктеменің артуы байқалады. Бурабай, Алакөл, Имантау-Шалқар курорттық аймақтарында, Алматы өңірінің ұлттық парктерінде, Маңғыстауда қоқыс контейнерлері жетіспейді. Осыған байланысты Ералы Тоғжанов бір күндік мерзімде ұлттық парктер мен курорттық аймақтардың аумағынан қатты тұрмыстық қалдықтардан тазарту мерзімін ұлғайта отырып шығаруды, сондай-ақ қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау үшін қосымша контейнерлер орнатуды тапсырды.
Сервис сапасын арттыру мәселелеріне жедел ден қою мақсатында shagym.kz модулін кеңінен енгізу арқылы туристердің шағымдары мен ұсыныстарын жинау процесін цифрландыру тапсырылды.
Кеңес барысында туристердің қауіпсіздігі мәселелеріне ерекше назар аударылды. Белгілі болғандай, шілде айының басында ірі өрт Абай облысындағы Алакөл жағалауындағы бірнеше демалыс базаларын қамтыды. Бұдан бөлек, адамдардың қаза болу фактілерімен акваторияларда қауіпсіздік қағидаларын сақтамау жағдайлары жиілеп кетті. Вице-премьер жергілікті атқарушы органдарға құтқарушылар санын арттыру және туристік полиция қызметін енгізу аясында жергілікті жерлердегі қауіпсіздік шараларын күшейтуді тапсырды.