Қазақстанда 2 миллиард ағаш егу жобасы іске аспауы мүмкін – Смайылов
Әлихан Смайыловтың айтуынша, мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 5 жыл ішінде 2 млрд түп ағаш егу туралы ауқымды жоба іске асырылып жатыр. 2021 жылы 66 мың гектар алаңға шамамен 138 млн ағаш отырғызылды. Алайда биыл Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарында қаржыландыру аз болғандықтан, жоспарлы көрсеткіш орындалмай қалуы мүмкін.
Өңірлердің әкімдіктері Қаржы министрлігімен бірлесіп, осы мәселені пысықтасын, — деді премьер-министр.
Үкімет басшысы өткен жылдан бері экологиялық төлемдер экологиялық ахуалды жақсарту шараларына бағытталуы тиіс деген норма қолданылып жатқанын атап өтті.
Ол үшін Экология министрлігі әкімдіктермен бірге әрбір өңір бойынша экологиялық жағдайды жақсарту үшін іс-шаралар жоспарын әзірлеуі керек, — деді Әлихан Смайылов.
Премьер-министр Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Қаржы, Экология, геология және табиғи ресурстар министрліктеріне ірі елді мекендерде тұрмыстық қатты қалдықтар полигондарын салу үшін жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуге қаражат бөлу мәселесін пысықтауды тапсырды.