Смайылов "АрселорМиттал Теміртау" басшылығынан зауыт жұмысшыларын қорғауды талап етті
Үкіметтің мәліметінше, 28 қарашада Әлихан Смайылов ArcelorMittal компаниясының ТМД бойынша вице-президенті Виджай Гоялмен және «АрселорМиттал Теміртау» АҚ бас директоры Биджу Наирмен кездесті.
Әлихан Смайылов кәсіпорын басшылығының назарын жұмыскерлердің өлімі мен жарақаттануына әкеп соқтырып жатқан өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы елеулі кемшіліктерге аударды. Сондай-ақ комбинаттың экологияға келтіретін зардабы туралы және өндірісті жаңғыртуға бағытталатын инвестициялар көлемінің жеткіліксіз екенін айтты. Премьер-министр жағдайды түзету үшін түбегейлі шаралар қабылдауды талап етті.
Өз кезегінде Виджай Гоял «АрселорМиттал Теміртау» АҚ жұмысшыларының өліміне әкелген жуырдағы төтенше жағдайға байланысты өкінішін білдірді. Ол жағдайды жеке өзі қарастырып, түйткілді мәселелерді шешу мақсатында қосымша шаралар пакетін әзірлеу үшін Қазақстанға арнайы келгенін айтты.
Кездесу қорытындысы бойынша премьер-министр компания міндеттемелерінің орындаулы үкіметтің ерекше бақылауында болатынын атап өтті.
Еске сала кетейік, 3 қарашада сағат 03:00 шамасында Қарағанды облысындағы Ленин атындағы шахтада қайғылы оқиға болды. «Арселор Миттал Теміртау» компаниясы кеніште газ дренаждық ұңғымаларды бұрғылау кезінде кенеттен газ шығып, кейін туннельде өрт шыққанын хабарлады. Оқиға кезінде кәсіпорынның 106 қызметкері жер астында болса, оның 101-і қауіпсіз жерге көшірілді. Бес кеншіні құтқару мүмкін болмады, олар қаза тапты, тағы төртеуі жарақат алып, шұғыл ауруханаға жатқызылды.
21 қарашада президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбекті қабылдап, «АрселорМиттал Теміртаудағы» жағдай туралы есебін тыңдады.
23 қарашада шахтадағы апаттың себептерін анықтау жөніндегі мемлекеттік комиссия жұмысын аяқтады. Комиссия болған оқиғаға жұмыс беруші 100% кінәлі деп таныды.