Әлихан Смайылов Шымкенттегі жаңа терминал құрылысын жеделдетуді тапсырды
Әлихан Смайыловтың сөзінше, Шымкент Шығыс пен Батыс арасындағы көлік қозғалысының түйіскен жерінде орналасқан еліміздегі үшінші ірі мегаполис. Бұл өз кезегінде тікелей және транзиттік рейстерді орындауға ыңғайлы жағдай жасайды. Бірақ премьер-министрдің пікірінше, Шымкент әуежайының жағдайы халықаралық мәртебеге сай келмейді.
"Жаңа терминал салу 2018 жылы тапсырылған еді. Не себептен әлі күнге дейін пайдалануға берілмей отыр? Қалаға немесе елге келген туристер мен қонақтар ең әуелі әуежайдың жағдайына назар салады. Сол себепті жаңа терминалды тез арада пайдалануға беру керек", — деді Әлихан Смайылов.
Шымкент әкімі Марат Әйтенов бүгінде жоба 80%-дан астамға аяқталғанын, құрылыс 40 мың шаршы метр алып жатқанын айтты. Терминал 2023 жылдың соңында толығымен пайдалануға беріледі. Қала басшысының айтуынша, бұл республикадағы ең ірі терминалдардың бірі болмақ.
Үкімет басшысы әкімдікке жұмыстың барлығын мүмкіндігінше тезірек аяқтап, құрылыстың одан әрі созылуына жол бермеу қажет екенін айтты.