Смайылов Реформалар жөніндегі жоғары кеңес төрағасының орынбасарымен кездесу өткізді
Тараптар республика экономикасының түрлі секторларын дамыту, мемлекеттік басқаруды реформалау және коммуникация саласын нығайту бойынша халықаралық сарапшылардың іске асырып жатқан қадамдары мен ұсыныстарын талқылады, делінген Үкімет баспасөз қызметінің хабарламасында.
Атап айтқанда, инвестициялық ахуал, мектеп және жоғары білім беру, денсаулық сақтау, мемлекеттік органдар мен басқа да бағыттар арасындағы өзара іс-қимылды жақсарту жөніндегі мәселелер қаралды.
Премьер-министр өз сөзінде Үкімет еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму деңгейін кезең-кезеңімен арттыру және азаматтардың әл-ауқатын жақсарту үшін Мемлекет басшысының бекітілген жоспарлары мен Сайлауалды бағдарламасын іске асыруды жалғастыратынын атап өтті.
Оның айтуынша, биыл мемлекеттік органдардың шешім қабылдаудың жеделдігін арттыру бойынша шаралар қабылданатын болады. Сонымен қатар құжат айналымы мен есептілікті қысқарту жұмыстары жалғасады.
Бұдан басқа, "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасына сәйкес, Үкімет пен әкімдіктердің азаматтармен қарым-қатынасын одан әрі дамытуға назар аударылатын болады.
Сондай-ақ кездесу аясында Салық және Бюджет кодекстерін әзірлеу мәселелері және ҚР Президенті жанындағы Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің 2023 жылға арналған жұмыс жоспары қаралды.