Мьянмада бұрынғы президент пен ұлт көшбасшысы сотталды
Мьянмада тағынан тайдырылған елдің көсемі, Нобель сыйлығының лауреаты Аун Сан Су Чжи бүлік шығарды және санитарлық нормаларды бұзды деген айыппен төрт жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Zakon.kz.
Осы жылдың ақпан айында Мьянмадағы билікті әскерилер басып алды. Ол елдің сыртқы істер министрін, президент Вин Мин мен ұлт көшбасшысы, 76 жастағы Аун Сан Су Чжиді қолға түсірген.
Бұл маңызды оқиғалар парламенттік сайлаудан кейін орын алды, онда Аун Сан Су Чжидің "демократия үшін Ұлттық Лигасы" партиясы 70% дауыс жинап, жеңіске жеткен еді. Алайда әскери қолдау көрсеткен "Одақтық ынтымақтастық және даму партиясы" нәтижелермен келіспеді және сайлау нәтижелері жалған деп мәлімдеді.
Әскери күштер Аун Сан Су Чжиға қатысты бірнеше айып тағып, қамауға алған деп жазады CNN. Оларға сыбайлас жемқорлық, сайлау науқаны кезінде санитарлық нормаларды бұзу, арандату мен мемлекеттік құпияны жариялау заңын бұзу бойынша айып тағылды.
Алайда Аун Сан Су Чжи өз кінәсін мойындаған жоқ.
6 желтоқсанда өткен сотта көшбасшыны халықты бүлікке итермеледі, санитарлық нормаларды бұзды деген айыппен төрт жылға бас бостандығынан айырды. Сонымен бірге Мьянманың тайдырылған мемлекет басшысы Вин Мьин де төрт жылға сотталды деп хабарлайды.
Аун Сан Су Чжи Мьянмадағы Нобель сыйлығының алғашқы лауреаты болды. Сыйлық оған 1990 жылы демократия мен адам құқықтары, зомбылықпен күрескені үшін берілді.
Ол сонымен қатар Сахаров марапатының лауреаты. Алайда 2020 жылы Еуропарламент оны "қабілетсіздігі" үшін осы сыйлықтан айырған.