Әлемде маймыл шешегінің 18 мыңнан астам жағдайы тіркелді – ДДСҰ
Бұл туралы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) бас директоры Тедрос Аданом Гебрейесус мәлімдеді, деп хабарлайды РИА Новости.
Бүгінгі таңда 78 елде 18 мыңнан астам жағдай анықталды. Жағдайлардың 70 пайыздан астамы Еуропада, 25 пайызы Америка аймағында тіркелген. Сондай-ақ, бес кісі өлімі тіркелді. ДДСҰ бас директоры Тедрос Аданом Гебрейесус
Сондай-ақ ДДСҰ әлі күнге дейін маймыл шешегі вирусына қарсы жаппай вакциналаудың қажеті жоқ деп санайды. Вакцина алу тек байланыста болған адамдарға, соның ішінде медицина қызметкерлері мен зертхана қызметкерлеріне, сондай-ақ жыныстық қатынаста бірнеше серіктесі барларға ұсынылады.
Бұған дейін ұйым инфекцияның өршуін Денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдай деп таныған.
Маймыл шешегі - жануарлардан адамға берілетін сирек кездесетін вирустық ауру. Белгілері: дене қызуы, бас ауруы, дел-сал күй кешу, бөртпенің пайда болуы. Қазіргі уақытта бұл аурудың нақты емі жоқ.