Гуманитарлық көмек тиелген ұшақ Қазақстаннан Түркияға аттанды
Төтенше жағдайлар министрлігінің Telegram-арнасындағы хабарламада апат аймағына шатырлар, жылытқыштар, қалың киімдер және басқа да қажет заттар жөнелтіліп жатқаны айтылған.
Министрлік гуманитарлық көмектің жалпы көлемі 55 тонна екенін айтты.
16 ақпанда Қазақстан мен Қырғызстан Түркиядағы зардап шеккендерге көмектесу үшін 84 киіз үй жібергені белгілі болды. Сонымен қатар 15 ақпанда гуманитарлық жүк тиеген Қазақстан ұшағы Сирияға жөнелтілген көмектің алғашқыларының бірі болып шықты.
8 ақпан күні таңертең Тоқаев үкіметке Түркияға шұғыл көмек көрсету үшін 1 миллион доллар бөлуді тапсырды. Сонымен бірге мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қазақстан құтқарушылары мен дәрігерлерінен құралған екі топ Түркияға жөнелтілді.
Қазақстандықтар Түркияда зардап шеккендерге 2,8 миллион доллардан астам ақша жинады.
Түркияда 2023 жылы 6 ақпанда таңертең магнитудасы 7,7 болатын жер сілкінісі болды.