Ердоған: Түркиядағы жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 48 мыңға жетті
"Жер сілкінісінің салдарын жою үшін мемлекет барлық мүмкіндікті пайдаланып жатқанына ешкімнің күмәні болмауы керек. 650 мың үй салу қажет" деді Ердоған Хатай провинциясының Сандаг ауданынан телеарналарда көрсетілген халыққа үндеуінде.
6 ақпанда Түркия мен Сирияда күшті жер сілкінісі болды. Жергілікті билік ақпан айының басындағы ірі жер сілкінісінен кейін елдің оңтүстік-шығысында тағы 13 мың афтер сілкініс болғанын хабарлады.
27 ақпанда Түркияда тағы бір жер сілкінісі болды. Тербелістер магнитудасы - 5,6. Жер асты дүмпуінің салдарынан бұрын зақымданған 29 ғимарат қирады. Зардап шеккендер 110-ға жетті, бір адам қайтыс болды. Үйінді астынан 32 адам құтқарылды.
Жерасты дүмпулері елдің 11 провинциясы мен көршілес мемлекеттерде, соның ішінде Сирияда да сезілді. Сонымен қатар БҰҰ мәліметі бойынша, Түркия мен Сириядағы жер сілкінісі салдарынан 850 мың бала үйін тастап кетуге мәжбүр болған.
Түркия билігі жер сілкінісін ғасыр апаты деп атады. 10 наурызда Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған президент және парламент сайлауын өткізуге дайындықты бастау туралы жарлыққа қол қойды. Олар мамырдың 14-іне болуы керек.