Қазақстан Әзірбайжанға тауар экспортын $300 млнға дейін арттыруға дайын
2022 жылдың қорытындысы бойынша екіжақты тауар айналымының көлемі шамамен $500 млн болды. Болашақта бұл көрсеткіш $1млрд-қа дейін жетуі мүмкін.
Кездесу барысында екі елдің маңызды көлік дәліздерінде тиімді орналасқаны аталды. Осыған байланысты Орталық Азия, Кавказ және Түркия арқылы Қытай мен Еуропалық Одақты байланыстыратын Транскаспий халықаралық көлік бағытының (ТХКБ) өзектілігі артып жатыр. ТХКБ шеңберінде жүктерді ауыстырып тиеу көлемі 2 есе өсті. Осы бағыт арқылы Қазақстан мұнайын тасымалдаудағы оң динамикасы аталды.
Министрдің айтуынша, Қазақстан Әзірбайжанға 100-ден астам тауар позициясы бойынша $300 млн-ға жуық шикізат емес экспортты ұлғайтуға дайын. Өз кезегінде Ағалар Атамоғланов мырза атап өткендей, Әзірбайжан Қазақстанға ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізуді арттыруға ниетті.
"Тараптар Қазақстан мен Әзірбайжанның көпжақты форматтағы, оның ішінде Түркі мемлекеттері ұйымы аясындағы өзара іс-қимылының перспективасын қарастырды. Осылайша, екі ел Түркі инвестициялық қорын (ТИҚ) құру туралы келісімді бірінші болып ратификациялады. Сонымен қатар алдағы СПЕКА (БҰҰ-ның Орталық Азия экономикаларына арналған арнайы бағдарламасы) форумына дайындық мәселелері талқыланды. Іс-шара биыл қараша айында Баку қаласында өтеді", - делінген ҚР Ұлттық экономика министрлігінің хабарламасында.
2023 жылғы қаңтар-тамызда Қазақстан-Әзірбайжан екіжақты тауар айналымы $398 млн болды. Бұл 2022 жылғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда 57,2% артық.