Әлемнің бірқатар елін су тасқыны жайлады
Ауғанстанның солтүстігінде су тасқынынан 315 адам қаза тапты. 1600-ден астам тұрғын жараланған. Мұны Бағлан провинциясының әкімшілігі хабарлады. Мыңдаған үй қирап, талай малды су алып кеткен. Жергілікті тұрғындар азық-түліксіз, баспанасыз қалғанына шағымданып жатыр. ЮНИСЕФ-тің дерегінше, құрбандардың ішінде 51 бала бар. Ал "Балаларды құтқар" қайырымдылық ұйымы су апатынан қатты зардап шеккен төрт ауданда 600 мыңдай адамның тұрып жатқанын мәлімдеп отыр, деп жазады qazaqstan.tv.
Бразилияның оңтүстігіндегі Порту-Алегри ауданында тасқын кезінде мародерлік және адам тонау оқиғалары жиілеген. Сондықтан босап қалған үйлерді күзетуге полицейлер жөнелтіліп жатыр. Жанармай құятын станциялар да тоналған. Оларды да ұрылардан қорғауға тәртіп сақшылары жіберілді. Бразилияда нөсер жауын екі апта бұрын басталды. Содан бері су апатынан 143 адам қаза тапқан.
Ал Индонезияның Батыс Суматра аралында алапат су тасқыны мен лай көшкіні жүрді. Оған жанартаудан аққан лава, күл мен тас қосылған. Табиғи апаттан 43 адам қаза тапты. 200-ге жуық индонезиялық уақытша орталықтарға көшірілген. Қатты зардап шеккен бірнеше өңір тұрғындары таза суға зәру.