Олжас Бектенов Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысына қатысу үшін Минскіге барды
Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысына қатысу мақсатында Минскіге барды. Сапар барысында Беларусь Республикасының Премьер-министрі Роман Головченкомен екі мемлекет басшылары деңгейінде қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру мәселелері бойынша кездесу өтті, делінген Үкімет баспасөз қызметінің хабарламасында.
Сауда-экономикалық, өнеркәсіп, АӨК, цифрландыру салаларындағы ынтымақтастықты нығайту, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды. Екіжақты тауар айналымы былтыр 912 млн долларды құрады. Сауда ағындарын әртараптандыру және жеткізілетін тауарлар номенклатурасын кеңейту шаралары қаралды. Қазақстан шамамен 265 млн доллар сомасына 105 тауар позициясы бойынша экспортты ұлғайтуға дайын.
Сурет: Үкіметтің баспасөз қызметі
Ауылшаруашылығы машиналарын жасау саласындағы бірлескен жобалар — екіжақты ынтымақтастықтың маңызды бағыты. Бүгінгі таңда жалпы құны 200 млн доллардан асатын тракторлар мен комбайндарды және өзге де техниканы құрастыру бойынша 11 жоба іске асырылды, 1,6 мың жұмыс орны ашылған.
Тараптар қазақ-беларусь әріптестігінің қарқынды дамуын қамтамасыз ету үшін көпжоспарлы жұмысты жалғастыру ниетін растады.