Қауіпсіз тәттіні қалай таңдауға болады
Сарапшылар осындай еліктіретін тәттілерді таңдағанда қаптамасына мұқият қарауға кеңес береді. Өйткені, кейбір паразиттер ұннан жасалған осындай "тәтті мекендерге" "орналасқанды" жақсы көреді.
"Маңғыстау облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау қоғамы" қоғамдық бірлестігі Шаруашылық жүргізу құқығындағы Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығы жанындағы "Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама орталығы" республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының көмегімен "Purleo" печеньелерінің үлгісін сынақтан өткізді. Осы өнімдердің микробиологиялық зерттеулерінде мезофилді аэробты және факультативті-анаэробты микроорганизмдердің (КМАФАнМ) артық мөлшері анықталды.
Біз түсініктеме алу үшін қоғамдық сарапшы Жанна Биятанға жүгіндік:
"2024 жылдың 25 қыркүйегіндегі № 837/684 зерттеу хаттамасына сәйкес, "Purleo" печеньесінің үлгісінде зертхана мамандары 3*10 4 КҚБ/г тең КМАФАнМ көрсеткішін анықтады. Белгіленген стандартты көрсеткіш 1*10 4 КҚБ/г аспау тиіс. Яғни, зерттелетін үлгідегі бұл көрсеткіш белгіленген шектен 3 есеге асып түсті".
Сурет: Жанна Биятан
KMAФAнM – мезофилді аэробты және факультативті-анаэробты микроорганизмдердің саны немесе жалпы бактериялық ластану, яғни, тамақ өнімі ластануы мүмкін әртүрлі микроорганизмдердің кең тобы.
"Тұтынушы үшін KMAФAнM көрсеткіші азық-түлік өнімдерінің сапасын, балғындығын және қауіпсіздігін сипаттайды, ал бұл көрсеткіштен асып кету санитарлық ережелер мен технологиялық өндіріс жағдайларын, сондай-ақ азық-түлік өнімдерін сақтау, тасымалдау және өткізу мерзімдері мен температуралық шарттарының бұзылғанын көрсетеді. КМАФАнМ көрсеткішінің жоғарылауы микроорганизмдердің көбеюін және өнім сапасы мен бұзылу өзгерістерінің ықтималдығын көрсетеді. Адам құрамында КМАФАнМ жоғары өнімдерді тұтынғанда мысалы, диарея белгілері бар тағамнан улану сияқты қауіпті салдарлардың пайда болу мүмкіндігі бар, – деп түсіндірді сарапшы.
Таңбаламасыз пудинг
2024 жылдың 26 қыркүйегіндегі №837/414 тағам сынамаларын сараптау хаттамасы бойынша аккредиттелген зертхана мамандары Түркияда өндірілген "Toothpaste Pudding" алма дірілдегінің (желе) қаптамасы мемлекеттік тілде таңбаланбағанын анықтады.
Сурет: Жанна Биятан
"Бұл факті тұтынушылардың тауар мен өндіруші туралы қазақ және орыс тілдерінде ақпарат алу құқығының бұзылғанын көрсетеді. Қазақстан Республикасы "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" заңының 25-бабы 7-тармағына сәйкес, бір тілде немесе шет тілінде берілген мәліметтер – ұсынылмаған болып саналады. Ақпаратты екі тілде беру талабы халықаралық-құқықтық акті – Кеден одағының 022/2021 "Азық-түлік өнімдерінің таңбаламасына қатысты" техникалық регламентінде белгіленген", – деп түсіндірді қоғамдық бірлестік өкілі Жанна Биятан.
Белгіленген талаптарды бұзу Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында көзделген жауаптылыққа әкеп соғады:
"Қазақстан Республикасы "Әкімшілік құқықбұзушылық туралы" кодексінің 425-бабы 1-бөлігіне сәйкес, Қазақстан Республикасының халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы заңнамасының талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтерді, техникалық регламенттерді бұзғаны үшін, адам денсаулығына зиян келмеген жағдайда, жеке тұлғаларға – 30 АЕК, лауазымды адамдарға, шағын кәсіпкерлікке немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 230 АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 310 АЕК, ірі кәсіпкерлік субъектілері – 1600 АЕК айыппұл салынады".
Тәттілерді таңдауда қателіктер жібермеу үшін мына қарапайым ұсынымдарды орындаңыз:
1. Жапсырмадағы барлық ақпаратты оқыңыз. Ол саналы шешім қабылдауға көмектесетін барлық қажетті ақпаратты қамтуы керек.
2. EAC белгісінің болуына назар аударыңыз. Бұл өнімнің сапасы мен техникалық регламент талаптарына сәйкестігінің белгісі.
3. Өнімнің құрамы мен жарамдылық мерзімін тексеріңіз. Егер ақпарат жоқ болса немесе күмәнді болса, сатып алудан бас тартқан дұрыс.
4. Сақтау шарттарын оқыңыз. Бұл аспект тамақ өнімдерінің көпшілігі үшін, әсіресе, тез бұзылатын тәттілер үшін өте маңызды.
5. Таңбалама тіліне назар аударыңыз. Қазақстанда сатылатын өнімдер қазақ және орыс тілдерінде таңбалануы тиіс.
6. Сатушыға сұрақтар қойыңыз. Егер күмәніңіз болса, сатушыдан өнім құжаттамасын, соның ішінде сәйкестік туралы декларацияны немесе сәйкестік сертификаттарын сұраудан тартынбаңыз. Сатушылар мұндай ақпаратты беруге міндетті. Сертификаттарды тексеру қызметтерінің бірі – берілген сәйкестік сертификаттары мен сәйкестік туралы декларациялардың Бірыңғай тізілімі, онда өнімнің расында сәйкестікті растаудан өткен-өтпегенін білуге болады.
Тұтынушылардың құқықтарын қорғау жобасы аясында осы материалды дайындаған "МОТҚҚҚ" ҚБ тұтынушылардың құқықтарын қорғау тек мемлекеттік органдардың ғана емес, кәсіпкерлер мен азаматтардың да міндеті екенін еске салады.
Осыған ұқсас сұрақтар бойынша 87054222739 байланыс нөміріне немесе Instagram-дағы OZPP.KZ парақшасына хабарласуға болады.