Қазақстан ЕАЭО шекарасындағы сауда кедергілерін жою туралы келісімді ратификациялады
Жалпы отырыста заң жобасын таныстырған премьер-министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин келісімді ратификациялау отандық өнімді Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдерінің нарығына шығаруға бағытталғанын атап өтті.
"Келісім ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің үшінші елдермен Одақтың техникалық регламенттері қолданылатын өнімдерге қатысты өзара саудасындағы техникалық кедергілерді жою тәртібі мен шарттарын айқындайды". Серік Жұманғарин
Оның айтуынша, қазірдің өзінде ЕАЭО-ның 52 техникалық регламенті қабылданып, оның 45-і күшіне енді.
Келісім сондай-ақ өнімнің ЕАЭО және үшінші елдің аумағында белгіленген талаптарға сәйкестігін бағалау нәтижелерін өзара тануды көздейді. Бұл ретте құжатқа сәйкес мүше мемлекеттерде және үшінші елде қолданылатын сәйкестікті растау жөніндегі органдарды аккредиттеу рәсімдерінің баламалылығы қамтамасыз етілуге тиіс.
Келісімде бастапқыда қазіргі заңнаманың талаптары ескерілген, сол себепті оны ратификациялау үшін Қазақстан Республикасының заңдарына өзгерістер енгізудің қажеті жоқ.